Венгрияның Будапешт қаласында өткен Венгрия мен Қазақстан құрамалары арасындағы жолдастық кездесу аяқталды.Ойын қорытындысы бойынша Қазақстан футболшылары 2:3 есебімен жеңіске жетті. Ойынның алғашқы голын Қазақстан құрамасының ойыншысы Роман Муртазаев соқты. Алтыншы минутта Бауыржан Исламханның бұрыштамадан көтерген добын Роман сәтті түйіндей білді. Сырт алаңда алғаш болып гол соққан қазақстандықтар тізгін тартпай шабуылдап, 10-шы минутта есепті 0:2 ге жеткізді. Бұл жолы Тараз өңірінің талантты қос ойыншысы көзге түсті. Барша қазақ жолына үмітпен қарап отырған Еркебұлан Сейдахмет екі-үш ойыншының арасынан сытылып өтіп, жерлесі Бахтиер Зайнутдиновтың гол соғуына мүмкіндік жасады.

Осыдан кейін ғана ес жинаған алаң иелері шабуылды күшейтіп, есеп айырмасын қысқартты. Ойынның 21-ші минутында Салаи гол соқты. Алайда, Станимир Стоиловтың бастауындағы Қазақстан ойыншылары бізді таңғалдыруын жалғастыра білді. Ұлттық құрамаға алғаш рет шақырту алған Еркебұлан Сейдахмет 39-шы минутта гол соқты. Оған голдық пасты Роман Муртазаев шығарып берді.Екінші таймды Қазақстан құрамасы ойынның алғашқы бөлегіндегі құраммен бастады. Кездесу бірінші таймдағыдай емес баяу басталды. Кішігірім жарақат алған Сейдахметтің алаңдағы орнын Юрий Перцух басты.Алаң иелері ойынның 68-ші минутында екінші голдарын соқты. Постниковтың сәтсіз қайтарған добын, алаңға екінші таймда шыққан Немет алыстан теуіп, гол соғып кетті.

Қазақстан тарапынан алаңға Зайнутдиновтың орнына Парагульгов, Хижниченконың орнына Тұңғышбаев шықты.

Осыдан кейін де алаң иелерінің әлсін-әлсін шабуылы толастамады. Біздің қорғаушылар қарсыластың шабуылдарын тойтарып, өз командамыздың қарымта шабуылдарын ұйымдастыруға көмектесіп отырды.

Жартылай қорғаушы Қуаттың алаңдағы орнын Ахметов, Муртазаевтің орнын Сүйімбаев басты. Бұнымен біздің құраманың алаңдағы қорғаушылар саны көбейе түсті.

Алаң иелері ойын соңына дейін тынбай шабуылдады. Алайда қорғаныс сыр бере қойған жоқ. Кездесуге қосылған қосымша уақытта Исламханның орнына Мирошниченко шықты.

Венгрия – Қазақстан. Жолдастық кездесу 2:3 (1:3)Венгрия. Будапешт қаласы

Гол соққандар: Салаи 21, Немет 68 - Муртазаев 6, Зайнутдинов 10, Сейдахмет 39

Венгрия: Петер Гулачи - Эндре Ботка, Кеннет Отигба, Барнабаш Беше, Аттила Фиола - Акош Элек, Ласло Кляйнхайслер, Балаж Джуджак - Роланд Уграи, Неманья Николич, Адам Салаи.

Қазақстан: Ненад Эрич - Дмитрий Шомко, Сергей Малый, Евгений Постников, Абзал Бейсебеков, Исламбек Қуат (Елдос Ахметов), Бактиер Зайнутдинов (Магомед Парагульгов), Бауыржан Исламxан, Роман Муртазаев (Ғафуржан Сүйімбаев), Еркебұлан Сейдаxмет (Юрий Перцух), Сергей Хижниченко (Еркебұлан Тұңғышбаев).