Венгрияның Будапешт қаласында өтіп жатқан Венгрия мен Қазақстан құрамалары арасындағы жолдастық кездесудің алғашқы таймы аяқталды.Бірінші таймның қорытындысы бойынша Қазақстан футболшылары 1:3 есебімен жеңіп жатыр.Ойынның алғашқы голын Қазақстан құрамасының ойыншысы Роман Муртазаев соқты. Алтыншы минутта Бауыржан Исламханның бұрыштамадан көтерген добын Роман сәтті түйіндей білді.

Сырт алаңда алғаш болып гол соққан қазақстандықтар тізгін тартпай шабуылдап, 10-шы минутта есепті 0:2 ге жеткізді. Бұл жолы Тараз өңірінің талантты қос ойыншысы көзге түсті. Барша қазақ жолына үмітпен қарап отырған Еркебұлан Сейдахмет екі-үш ойыншының арасынан сытылып өтіп, жерлесі Бахтиер Зайнутдиновтың гол соғуына мүмкіндік жасады.Осыдан кейін ғана ес жинаған алаң иелері шабуылды күшейтіп, есеп айырмасын қысқартты. Ойынның 21-ші минутында Салаи гол соқты.Алайда, Станимир Стоиловтың бастауындағы Қазақстан ойыншылары бізді таңғалдыруын жалғастыра білді. Ұлттық құрамаға алғаш рет шақырту алған Еркебұлан Сейдахмет 39-шы минутта гол соқты. Оған голдық пасты Роман Муртазаев шығарып берді.