Танымал Clubworldranking.com сайты әлемдегі үздік 1000 футбол клубының рейтингін түзді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Рейтингтің көшін Мадридтің «Реал» (18 062 ұпай) командасы бастады. Екінші орынға - «Барселона» (16 198) жайғасса, үздік үштікті «Атлетико» (14 392) түйіндеді. Бір қызығы, алғашқы үш орын испаниялық командаларға тиесілі болып шықты. Сондай-ақ үздік 10 команданың ішінде оңтүстікамерикалық командалар енген. Атап айтқанда бразилиялық «Гремио» (4-ші орын) және аргентиналық «Ривер Плейт» (5-ші орын) пен «Индепендьенте» (6-шы орын) командалары.

Ал қазақстандық клубтардың ішінен үздік нәтижені «Астана» көрсетті. Елордалық команда 1 886 ұпаймен 358 орынға жайғасқан. «Астана» италиялық СПАЛ, англиялық «Вест Бромвич» және түркиялық «Бурсаспор» командаларынан биік тұр. Қоржынында 355 ұпайы бар «Ертіс» 762-ші, ал «Қайрат» — 844-ші (181) сатыға табан тіреді.