Кеше «Қайраттың» бапкері Карлос Алос Феррер «Атыраумен» (2:0) болған ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында қызметінен кетуі мүмкін екенін тілге тиек етті.

«Біздің жасап жатқан жұмыс команда басшылығының көңілінен шықпайды. Ертең Қайрат Боранбаевпен кездесіп бар мәселені шешеміз. Болашағымыз жайлы ойланамыз», - деген бойда тілшілердің сұрағын күтпей, бөлмені босатты. Ойын жайлы бапкердің «ойын» білгісі келген журналистер аң-таң. Әрине, мұндайды күтпеген болатын. Бірден биылғы маусымда бірінші болып қызметінен кетуі мүмкін бапкер жайлы гу-гу әңгіме кетті. Тіпті, бұл жайлы алматылық ұжымның ойыншылары да білмейтін болып шықты. Олар да тілшілерден бірінші рет естіп тұрмыз, мұндайды күтпедік деп ағынан жарылды. Бапкері тұрақтамайтын болған «Қайрат» тағы тізгінінді өзгеге ұстата ма?

Испан бапкері өткен маусымның орта тұсында келді. Еуропа Лигасының іріктеу кезеңінде сәтсіз өнер көрсеткеннен кейін Кахабер Цхададзе орнын босатқан болатын. Алматылық клубтың президенті Қайрат Боранбаев ендігі «Қайраттың» жаңа бағытта дамитынын, тек жалынды жастарға үміт артатынын мәлімдеді. Сөйтті де жастарды жаттықтырып үйренген Карлос Феррерді шақырды. «Барселонаның» құрылымында болып келген Карлос «Қайрат» секілді «чемпиондыққа» таласатынын команданы жаттықтырып көрмеген. Жанкүйерлер әу баста бұл шешімді құп көрмеді. Испан маманы «чемпиондық тәжді» армандаған жанкүйердің көңіліне медеу бола алған жоқ. Осыған дейін бірде-бір кәсіпқой клубты жаттықтырмаған бапкер «Қайратты» қалайша жеңіс тұғырына шығаратынын түсіне алмады. Оның үстіне сенбеді де. Дегенмен Карлос бірден «жеңіле» салатындардың қатарынан емес екенін көрсетті. Испаниялық бапкер қол астында алматылықтар ел біріншілігінде 13 ойын өткізіп, тек біреуінде тең түскен. Қалған кездесуде шашауынан шаң шығарған емес. Басты бәскелес «Астанаға» есе жіберіп, екінші орынға тұрақтады. Бірақ та, әдеттегінше маусым соңында «Атырауды» жеңіп, Кубокты иемденді. Осылайша, Карлос Феррер клуб басшылығының да, жанкүйерлердің де көңілінде «алдамшы» сезіп оятып, келер маусымнан үміт көп екенін меңзегендей болды.