«Қайраттың» қақпашысы Владимир Плотников Қазақстан Суперкубогының матчы жайлы ойын айтты.

- Ойын бірінші голға дейін болды. Өкінішке қарай, біз бірінші болып жібердік. «Астана» болса, бастаған ісін соңына дейін жеткізді. Мұндай матчтарда бірінші болып гол жібермеген маңызды, себебі ойын сақ өтеді. Өз қателіктеріміздің кесірінен гол жіберіп алдық. «Астана» әділетті жеңіске жетті, оларды жеңісімен құттықтаймын.

- Бірінші таймда «Қайрат» қарсыласына есе жібермеген, ал екінші таймда бірден екі, үш гол жіберіп алғаны қалай?

- Бұл футбол. Мұны түсіндіру қиын. Бірқатар қателіктер, кей жерде босаңсып қалдық, кей тұста қарсылас сәтті ойнады. Болары болды. Футболды 90 минут бойы ойнау керек. Бір минутта төрт гол да жіберіп алуға болады. Бүгін жолымыз болмады. Әділетті жеңілдік.

- «Астана» маусымды ертерек бастады, ал «Қайрат» көптен бері ресми матчтар ойнамаған. Бұл бүгінгі матчта әсер етті ме?

- Иә. «Астана» «Спортингке» қарсы матчтар арқылы жақсырақ дайындалған. Олардың ойынын көріп-ақ елордалық футболшылардың ойын тонусы жақсы екенін аңғаруға болады. Біз үшін маусым енді басталып жатыр. Бұл тұрғыда бізге қиынырақ. Ресми ойындарға ақырындап үйрене бастаймыз, себебі жолдастық кездесулер ресмиден басқаша ғой.

- Бүгін «Қайраттан» кетіп қалған көшбасшы футболшылар Жерар Гоу мен Жарко Марковичсіз өткен алғашқы ресми матч. Бұл әсер етті ме?

- Әсер еткен де шығар, етпеген де шығар. Бәрін уақыт көрсетеді деп ойлаймын. Мұндай ойыншыларды бірден ауыстыру қиын, себебі жаңа ойыншыларға бейімделуге уақыт керек. Мен оларға сенемін. Біздің мақсатымыз – оларға бейімделуге көмектесіп, өз үйлерінде жүргендей сезіндіру. Бүгін бүкіл команда жеңілді. Біз бәріміз ортақ іс жасап жатырмыз: жеңсек те біргеміз, жеңілсек те біргеміз. Ешкім өз мойнынан жауапкершілікті алып тастамайды.

- Жаңа маусымнан не күтесіз?

- Не күтетінімді айтқым келмейді. Бәрін уақыт көрсетер. Біздің мақсатымыз – өзіміздің қателіктеріміз бойынша жұмыс істеу.