Бесінші мамыр күні жеңіліп көрмеген кәсіпқой боксшы қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы екінші кездесу болмақ.

Жекпе-жек Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында өтеді. Дәл осы аренада өткен алғашқы кездесу төрешілердің шешімімен тең аяқталған болатын. Жерлесіміз бірінші кездесуден соң өзіне тиесілі WBC, WBA Super, IBF, IBO тұжырымдары бойынша чемпиондық атағын сақтап қалған еді. Енді қос боксшы екінші кездесулеріне қызу дайындық үстінде.

ESPN арнасына берген сұхбатында қазақстандық боксшы алдағы кездесудің маңыздылығы туралы айтып өтті.

«Бұл менің спорттық мансабымдағы ең маңызды кездесу. Тарихи жекпе-жек. Екінші кездесуде маған ештеңе дәлелдеп қажет емес. Бар болғаны жеңіске жетіп титулдарымды сақтап қалсам жеткілікті. Кездесуден соң Әлем чемпионы болып қалғым келеді», - деді Головкин.

Геннадий Головкин бірінші кездесудегі төрешілердің шешіміне көңілі толмайтындығын айта келе, НВО телеканалының комментаторларын да сынай кетті:

- Мен бар болғаны бәрінің әділетті болғанын қалаймын. Бірінші кездесуде төлешілердің шешімі әділ болмады. Алайда ол менің жүйкемді жұқарта қойған жоқ. Өкініштісі НВО комментаторларының қарсыласыма жақтасқаны. Бұл бокс үшін өте жаман. Жасыратыны жоқ, мен НВО телеканалының аналитиктеріне көңілім толмады, - деп қосып өтті жерлесіміз.