Оңтүстіккореялық жанкүйерлер қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның туын ұстап, қазақстандық спортшыларға қолдау көрсетті. Бұл туралы «New York Times» басылымы жазды, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі.
Сеулден келген 70-тен астам азамат Пхенчхан қаласында өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Айза Мамбекова мен Элизабет Тұрсынбаеваға қолдау көрсетті.
Қазақстандық спортшыларға қолдау көрсеткен оңтүстіккореялық жанкүйерлердің бір бөлігі - «Sigong Tech» компаниясының қызметкерлері. Осылайша, олар Қазақстанға «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде павильонды жобалау жұмыстарына қатысуға мүмкіндік берген келісімшарт үшін алғысын білдірген.
«Мысалы, көптеген азамат АҚШ-ты біледі. Бірақ барлығы Қазақстан туралы біле бермейді. Сондықтан біз оларға қолдау білдірдік», - дейді аталған компанияның менеджері Ха Юн Сун.
Айта кетейік, қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева 15-орыннан көрініп, финалға жолдама алды. Ал Айза Мамбекова жарыстың келесі кезеңіне өте алмады.
Комментарии