Ойындар кезінде оларға кінә арта алмайды екенсіз. Әсіресе шорт-тректе. Қыздар арасындағы 1 500 метрлік жарыста жерлесіміз Анастасия Крестова талайлардан озып келе жатыр еді. Қарсыластарының бірі соғып өтіп, іріктеуден өте алмай қалды.

Алдымен айдынға Ким Ионг А шықты. Жарыс алдында біздің тілшілер Ионг Аның әкесімен жолығып, әпке-жезделерімен де амандасты. Бәріміз де спортшы барын салады деген үмітке орандық. Ким қайратын кейінге сақтайын деді ме, қарсыластырын алға ұзатты. Сол күйі қуып жете алмай, жарысты ерте аяқтады.

Төртінші кезектегі спортшылар айдынға шақырылғанда арасында біздің Анастасия Крестова да болды. Француз Вероник Пьеррон, Канада атынан сынға түскен Ким Бутен, жапон Юки Кикути, Польшадан келген Магдалена Варакомска және кәріс қызы Ким А Лан алтауы сынға түсті. Мәреге таяған сайын Настя жалдамдығын үдетіп, бірде топ бастады. Сосын екінші келе жатты. Іріктеуден іркілмей өтетін де еді, кенет француз Пьеррон соқтықты. Екпінін тежей алмады ма, әлде әдейі ұрынды ма, Крестоваға анық кедергі келтірді.

Анастасия әрине, бәрінің соңында қалды, сытылып шығу мүмкін емес еді. Мәдіғали Қарсыбеков, Шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас бапкері - Негізі француз спортшысы итеріп қалған. Төрешілер камерадан қарады. Бірақ олар басқаша шешім шығарды.

Мұндай кезде төрешілер алқасы араласып, зәбір шеккен спортшыға жол ашады. Бұл жолы қазылар өзгеше шешім қабылдады. Пьерронды емес, Крестованы жарыстан шығарды. Олимпиада кезінде қазылар үстінен шағым түсіре алмайсың.

Мәдіғали Қарсыбеков, Шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Маусым бойы жиналады да, маусым соңына таман бірақ шағымдар қаралады. Қателік болса, онда судьяның аккредитациясын алады. Настяны күтіп тұрдық. Тұсымызда аялдағанымен ақтарылып әңгіме айта алмады, жанары жасқа толы еді.

Анастасия Крестова, Шорт-тректен Қазақстан құрамасының мүшесі:

- Ештеңе де айта алмаймын. Қазылар солай шешкен екен, мейлі. Амангелді Сейтханов, тілші: - Анастасияны аяқтан шалу ма, әлде шорт-тректің шарты толған шешім бе? Көргеніміз, Крестова қысастық көрген секілді. Анығын әділ қазылар біледі, обал сауабы да солардың мойнында.