2018 жылды сәтсіз бастап, Еуропа лигасының 1/16-финалында «Спортингтен» жеңілген «Астананың» бас бапкері Станимир Стойлов бұл кездесуде өз командасының жеңіске деген мүмкіндігі мол болғанын айтты.

– Ойынды екіге бөліп қарастырар едім. Бірінші болып есеп аштық. Бірінші таймды жеңіспен аяқтадық. Алайда, үзілістен кейін босаңсып қалып, қақпамызға қатарынан үш доп жіберіп алдық. Одан кейін Логвиненко алаңнан қуылып, кем құрамда қалдық. Қорғанысқа көшуге мәжбүр болдық. Еуропада мұндай қателіктер жіберуге болмайды. Ары қарай қателік жіберген жоқпыз.

– Енді бір аптадан кейін Лиссабондағы ойыннан не күтуге болады?

– Португалияда да біз өз ойынымыздан таймауға тырысамыз. Бірақ, мәселенің ашығына көшуіміз керек. «Спортинг» қысқы трансферлік кезеңде құрамын керемет күшейтіп, бас-аяғы 40 миллион евроның трансферін жасады. Ал біз Перцух, Зайнутдинов және «Шахтердің» жартылай қорғаушысын алдық. Яғни, команданы күшейте алмадық. Оған шама болмады. Футболшы сатып алатын ақша жоқ. Былтырдан бері футболшылар өздерінің сыйақыларын алған жоқ. Біздің демеушілерімізге «Астананың» керегі жоқ сияқты. Осыдан кейін футболшылардан не талап етесің? «Неге дұрыс ойнамадың?» деп Юраға (Логвиненко – авт) қалай ұрсасың?..

– Бүгінгі ойыннан кейін «Астананың» келесі кезеңге шығу мүмкіндігі нөлге теңелді деп айтуға бола ма?

– Иә, Лиссабонда барымызды саламыз. Бірақ, ашығын айтқанда, бұл текетірестің тағдыры шешіліп қойды. 1/8-финалға «Спортинг» өтеді.

– Станимир, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерлігінен басты үміткерлердің бірі ретінде сіздің есіміңіз аталып жүр. «Астананы» қазір қаржы қиындығы қысып тұр. Бәлкім, ұлттық құраманы қолға аларсыз?!

– Футболшылар былтырдан бері ғана емес, 2016 жылдан бері сыйақыларын ала алған жоқ. Сол кездегі Қазақстан кубогы үшін бізге ешқандай сыйақы бермеді. Дегенмен, ұлттық құрамаға да сұранып тұрған жоқпын. Өйткені, футболды клубтық деңгейде көтере алмасақ, құрама дәрежесінде қандай да бір жетістікке жету қиын. Сондықтан, алдымен клубтық футболды көтеріп алайық. Бар нәрсені бағалауымыз керек. «Астананы» құртып алсақ, онда дәл осындай команданы қайта құру өте қиын болады. Мұндай клубты қолдау қажет. Мен Қазақстанға ұлттық құраманы баптау үшін оралған жоқпын. Қазақстанда футболды жоғары деңгейге көтергім келеді. Әйтпесе, үйде жата берер едім. Ұлттық құраманың бас бапкері болмас бұрын осы мәселені ойлау қажет. Өзім сұранып тұрған жоқпын. Ал мені ұлттық құрамада көргісі келсе, сайттар арқылы емес, жеке шықсын.

– Клубтың бас демеушісі «Самұрық-Қазынаның» басшылығы өзгеріп, ұлттық қордың тізгінін ұстаған Ахметжан Есімов баскетбол және хоккей клубтарын сатып, бар қаржыны «Астанаға» бөлетінін мәлімдеген. Сіздің шыдамыңыз қашанға дейін?

– Екі жыл бойы шыдап келе жатырмыз ғой. Алайда, бір нәрсені құртып, бас нәрсені көтерем деу қателік. Астанада хоккей де, баскетбол да болуы керек. Олар да ел намысын халықаралық аренада абыроймен қорғап жүр. Олардың да обалына қалған дұрыс емес. Спорт жан-жақты дамуы қажет. Ал «Астанаға» келер болсақ, бүгінгі матчта футболшыларымның ойынына өзім таңғалдым. Әлгі қара басқан 10 минутты айтпағанда команда керемет ойнады. «Спортинг» сияқты мықты команданы жеңе алатынымызға сендірді. Ойын басында жанкүйерлердің көбі «Астанаға» сенді. Осы емес пе халықтың күткені? Осындай еңбекпен келген жетістікті бір-ақ сәтте құртып алуымыз әбден мүмкін. Демеушілер ертерек әрекетке көшсе екен деймін.