Оңтүстік Корея елінде XXIII қысқы Олимпиада ойындары өтуде. Әзірге ел қоржынына бір қола медаль түсті. Оны фристайлшы Юлия Галышева алып берді.

Пхенчхан төріне аттанған ең жас спортшыларымыздың бірі, фристайлшы қызымыз Аяна Жолдас Олимпиадаға дайындығы мен жоспарлары жайлы айтып берді.

- Аяна, Алғаш рет жаһандық додаға қатысып отырсыз, қазіргі көңіл-күйіңізбен бөлісе кетсеңіз.

- Шынымды айтсам Олимпиадаға жолдама аламын деп күткен жоқпын. Осындай үлкен мүмкіндікке ие болғаныма өте қуаныштымын. Әркімге бұйыра бермейтін осы мүмкіндікті жақсы пайдаланып қалу үшін барынша дайындалып жатырмын.

- Корея жеріне қашан жеттіңіздер?

- 8 ақпан күні Олимпиада өтетін елді бетке алып жолға шықтық.

- Кореяға келгенге дейін қай жерде дайындалдыңыздар?- Олимпиадаға дейін Ресейдің Краснодар қаласында сол елдің спортшыларымен берге жаттығу жасадық.

- Осы жолғы додада алдыңызға қандай меже қойып отырсыз?

- Олимпиадада алға қойған мақсатым - бағдарламаларымды толық орындап, жақсы өнер көрсету. Әрі үлкен тәжірибе жинап қайту.

- Аяна, қазір қай жерде оқып, спортпен айналысып жүрсіз?

- Қалалық №11 мектепте оқимын. Ал жаттығу жұмыстарын Сұңқардағы спорт орталығында жасап жүрмін.- Фристайлдың акробатика саласы Шымкентте жақсы дамыған, осы спорт түрінің оңтүстік өңірде жақсы дауының себебі не деп ойлайсыз?

- Иә, қысқы спорт түрлері елімізде жақсы дамып келеді. Қысқы ойындарға бұрынғыдан көп көңіл бөлінуде. Мен бұл спорт түрінің Шымкентте ғана емес, Қазақстанның барлық жерінде жақсы дамитынына сенімдімін.

- Сұқбат бергеніңізге рақмет. Олимпиадада сәттілік тілейміз!