Швецияның «Хеккен» командасына қарсы өткен ойыннан кейін «Астана» бас бапкері Станимир Стоилов клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында ойын туралы пікірін айтты.

— Біз оңай гол жіберіп алдық. Бұл шабуылға көбірек көңіл бөлуге мәжбүрледі. Бірақ бізге алаң орталығында да, алғы шепте де сенімділік, креативтілік, дұрыс шешім жетіспеді. Меніңше, командамның динамикасы қажетті деңгейде емес, допты алып қоюда концентрация жетіспеді. «Спортингке» қарсы қорғанысқа аса жауапты болуымыз қажет. Команда спорттық бабына әлі келген жоқ. Қорғаныста екі рет қателік жібердік, жауаптылықпен қарау керек еді. Бүгін құлшыныс пен амбиция жақсы деңгейде болды, ал концентрация мен ойын ұйымдастыру тұрғысында әлі де көп жұмыс істеуіміз керек.

— Сіз екінші таймның ортасында ғана ойыншы алмастырдыңыз. Мұны бүгін алаңға шыққан құрам «Спортингке» қарсы шығуы мүмкін құрамға жақын деп түсінуге бола ма?

— Бұл варианттардың бірі еді. Бір күннен кейін басқа футболшыларға 70-75 минут ойнауға мүмкіндігін береміз. «Спортингке» қарсы ойнауға лайық футболшыларды кейін анықтаймыз. Бізде құрамның варианттары көп емес, Кабананга командадан кетті. Ол біздің негізгі футболшыларымыздың бірі еді, шабуыл шебінде жауапкершілікті мойнына алатын еді. Ал енді оның орнына шығамын деген ойыншы көп жұмыс істеуі, жауапкершілікті мойнына алуы керек. Біздің ойынымызда шешімін күтіп тұрған мәселелер бар, ал «Спортингке» қарсы ойында бірер нәтижеге жету үшін біз 200% күшімізді жұмсауымыз керек, ал бұл қазірше команданың қолынан келмей жүр.