Оңтүстік Кореяда ресми түрде олимпиадалық қалашықтар ашылды. Пхёнчханда 3500-ге жуық спортшы жайғасса, Каннында 2400 cпортшы орналасады.

Олимпиадалық қалашықтардың ресми ашылу салтанатында Пхенчхан-2018 Ұйымдастыру комитетінің басшысы былай деді:“Пхенчхандағы Олимпиадалық қалашықтың ашылу салтанатына келген барлық спортшыларға қош келдіңіздер деймін. Бұл екі нысанның құрылысын үш жыл бұрын бастадық. Бірінші қонақтарымыз - спортшыларымызды қуана қарсы алдық. Барлықтарыңызға мұнда бәрі ұнайды деген үміттеміз”.

Бірінші болып Пхенчханға биатлоншыларымыз келген болатын. Әуежайда біздің спортшыларымызды Олимпиада қабылдаушы елдің өкілдері жылы қарсы алды. Конькишілеріміз Жапониядағы оқу-жаттығу жиындарын аяқтап, ертең Кореяға жол тартады.

Бүгінде құрама еншісінде Олимпиадаға 57 жолдама бар.

Қазіргі таңда, Ұйымдастыру штабы құрылды. Оны ҰОК Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов басқарады.

Естеріңізге салайық, ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындары 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтеді, оған 95 мемлекеттен 2900 спортшы мен ресми өкілдер қатысады деп жоспарлануда.