ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшыларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында Пхенчхан қаласында өтетін XXIII Олимпиада ойындарына дайындыққа байланысты ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының, сондай-.ақ спорт саласы өкілдерінің баяндамасы тыңдалды.

«Қысқы Олимпиада ойындарының басталуына аз уақыт қалды, осы орайда оның ашылуын асыға күтеміз. Біздің спортшыларға сәттілік әрі жеңіс тілейміз. Спортшыларымыз ел үмітін ақтап, медальдармен оралады деп үміттенеміз», - деді Үкімет басшысы.

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII Олимпиада ойындарының басталуына тура 10 күн уақыт қалды. Осыған дейін хабарлағанымыздай төрткіл дүние көз тігетін басты додаға Қазақстан құрамасы 57 жолдама жеңіп алған болатын. Отандастарымыз спорттың 9 түрінен сынға түседі.

«Қазіргі кезде құрама команда Олимпиада ойындарына дайындықтың қорытынды кезеңінен өтіп жатыр. Хельсинкиде әлем чемпионатында мәнерлер сырғанаудан қазақстандық Элизабет Тұрсынбаеваның сәтті өнер көрсетуінің арқасында, Қазақстан тарихында алғаш рет бірден екі мәнерлеп сырғанаушы жеке сырғанаудан Олимпиадаға қатысады. Сонымен қатар Қазақстан атынан Сочидегі Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен шығады. Бұдан бөлек, қазақстандық биатлонистер мерзімінен бұрын Олимпиадағы 10 жолдаманы жеңіп алды», - деп атап өтті ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Жалпы, 2016-2017 жылдардағы маусымда Қазақстанның құрама командасы қысқы спорт түрлерінен түрлі ресми спорттық шараларда 129 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 37 алтын, 38 күміс және 54 қола медаль бар.