Ақпан айында алты құрлықтың басын қосатын ақ Олимпиада өтеді. 80 елден 5 мыңнан астам спортшы қатысатын дүбірлі додада біздің елдің спортшылары бақ сынамақшы. Кореяда ел намысын қорғайтын қазақ қырандарын Пхенчхан төріне шорт-трек шебері Абзал Әжғалиев бастап шығады. Төрт жылдықтың басты бәсекесі басталу алдында командамыздың ту ұстаушысы Абзалмен аз-кем әңгімелескен едік.- Абзал, алдымен Олимпиада ойындарында сәттілік тілейміз. Дайындығыңыз қалай?- Дайындық жұмыстары жақсы жүріп жатыр. Қазір Голландия елінде соңғы дайындықтарымды пысықтаудамын. Негізі осы елде жаттығып жүргеніме үш жылдан аса уақыт болды. Биыл да дәстүрді үзбедім.- Олимпиаданың ашылу салтанатында көк туымызды көтеріп шығасыз. - Олимпиада ойындарында еліміздің туын ұстап шығатыным күтпеген жаңалық болды. Осы құрметті міндеттің бұйырғанына өте қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік. Енді тек халықтың сенімін ақтауға тырысамын.- Осы жолы өзіңіз қандай меже қойып отырсыз?- Бұл менің екінші мәрте Олимпиадаға қатысуым. Сочиде сәтті өнер көрсете алмадым. Енді Корея жерінде жүлделі орыннан көрінуді жоспарға алып отырмын.- Қай елдің спортшылары басты бәсекелес болмақ?- Олимпиадада әлсіз қарсылас жоқ, бәрі өз елінің ең үздік спортшылары. Десе де, Корея, Қытай, Канада шорт-трекшілері өте мықты.- Шорт-трек спортының еліміздегі аяқалысы қалай?- Елімізге сәл кеш келсе де шорт-трек спортының дамуы өте жақсы. Әр қалада мұз айдындары ашылып, жастардың осы спорт түрімен айналысуына мүмкіндік жасалуда. Шорт-тректен әзірше қазақстандық Олимпиада жүлдегерлері шыға қойған жоқ. Осы жолы біз жүлдеге қол жеткізсек тарихи жетістік болар еді.- Соңғы екі қысқы Олимпиадада тек жалғыз медаль алдық. Осы жолғы мүмкіндігімізді қалай бағалайсыз?- Барлық спортшыларымыздың дайындығы жақсы. Алдын-ала осынша медаль ұтамыз деп айта алмаймын. Бірақ, ел намысын жоғары деңгейде қорғайтын боламыз.- Сұқбат бергеніңізге рақмет!