Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтетін XXIII қысқы Олимпиада ойындары өтетін уақыт жақындап келеді. Төрткіл дүние көз тіккен дода енді тура 30 күннен кейін басталатын болады.

Ақпан айының 9-25 күндері аралығында өтетін басты додаға Қазақстан қазіргі таңда спорттың 4 түрінен 33 жолдама жеңіп алып үлгерді. Оның 10-ы биатлоншыларға, 10-ы шорт-трекшілерге, 3-еуі мәнерлеп сырғанаушыларға және 10-ы конькимен жүгірушілерге тиесілі.

Қысқы спорт түрлерінен жаңа маусым енді басталғандықтан Олимпиадаға дейін жолдамалар саны әлі де артатын болады. Қазақстан спортшылары Олимпиадада тоғыз спорт түрінен өнер көрсетуді жоспарлап отыр. Доданың ресми ашылу салтанатында Қазақстан туын Шорт-тректен әлем кубогының, Универсиада, Азия ойындарының жүлдегері, 2014 жылғы Сочиде өткен Олимпиада ойындарының қатысуышысы Абзал Ажғалиев көтеріп шығады.

XXIII қысқы Олимпиадаға 95 ұлттық Олимпиадалық комитеттің атынан 2 900 спортшы қатысады деп жоспарлануда. Жалпы 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарыс екі кластерде орналасқан 12 спорт нысанында өтеді. Олар - Пхёнчхен тау кластері (PyeongChang Mountain Cluster) және Каннын жағалау кластері (Gangneung Coastal Cluster).