Футболдан премьер-лигада өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» жергілікті ойыншыларға тағы да бір мүмкіндік беріп отыр.

«Ақжайық» футбол клубының директоры Нұртаза Әбілхановтың айтуынша, команда 8-28 қаңтар аралығында Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Батысқазақстандық клубқа украиналық маман Владимир Мазярдың бас бапкер болып келгені белгілі. Ол Қазақстанда ешкімді білмейді, ойыншыларға тың көзбен қарайтыны белгілі.

Сондықтан бұрын «Ақжайықта» ойнап, басқа жаққа кеткен Николай Забродин, Руслан Қайыров, Сергей Шевцов бақтарын тағы бір мәрте сынап көрмек. Сол секілді Алматының «Қайратында» футболдағы жолын бастаған тәжірибелі Руслан Сақалбаев, Болгарияның «Верея» клубында доп теуіп үлгерген тағы бір жартылай қорғаушы Еркебұлан Нұрғалиев аталмыш жиынға қатысады.

Жаңа маусым алдында біреулердің кетіп, екіншілерінің қалуы заңды нәрсе. Мысалы, команда капитаны Мейрам Сапанов, жартылай қорғаушы Азат Ерсәлімов, легионерлерден хорватиялық Денис Главина қалып отыр.

«Оқу-жаттығу жиындары барысында өздерін жақсы қырынан көрсеткендер командаға алынады. Легионерлердің де қосылатыны анық. Олармен келісімшартқа қол қойылғаннан кейін ғана нақты айтуға болады», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Нұртаза Серікұлы.