Маусым алдындағы жергілікті ойыншылардың қатысумен өтіп жатқан кіріспе жиын "Ақтөбе" ФК-ның бапкері Игорь Иванович Прохницкийдің басқауымен өтіп жатыр. "Ақтөбе" ФК баспасөз-қызметі Игорь Ивановичтен жиын жайлы пікірін білді. - Кіріспе жиын алдағы маусымға дайындық ретінде қарастырылады. Жігіттер демалыстан енді оралып жатыр. Біздің басты мақсатымыз - ойыншыларды физикалық ауыртпашылықтарға осы бастан дайындап, жаңа маусымға сақадай-сай алып келу. - Бұл жаттығу циклі қандай жаттығуларды қамтымақ? - Жаттығуларда негізінде аэроб режиміне, жүгіруге, тренажер залына көбірек көңіл бөлінеді. Біз ағзаның жалпы төзімділігін арттыруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, залда доппен жұмыс жасаймыз. Аз топ ішінде жеке бас шеберлігін жетілдірмекпіз. - Ойыншылардың үзілістен кейінгі физикалық әлеуетіне қандай баға бересіз? Біз футболшылардың жеке жаттыққандарын білеміз. - Футболшылардың жеке жаттығып, өз баптарын жоғалтпау үшін еңбектенгендерін құптаймыз. Әрине, толық дайын деп айтуға келмес. Дегенмен, жігіттердің жатып алмай, өз беттерінше жұмыс жасағандары қуантарлық. Жұмысқа деген жігер мен еңбек физикалық әлеуетті жақсартауға көмек болары сөзсіз. - Бұл жиында жаңа есімдерді көре аламыз ба, әлде жанкүйер көріп-біліп жүрген ойыншылар ғана қатыса ма? - Негізінде топта Ақтөбе футбол мектебінің түлектері жұмыс жасап жатыр. Біз қазіргі уақытта жас ойыншыларды қосып жатырмыз. Жас футболшылардың аяқ алысын байқап, мүмкіндік бермекпіз.