Испаниялық ақпарат құралдары Филиппе Коутиньоның «Барселонаға» келуі мүмкін екенін жарыса жазуда. Англиялық «Ливерпульдің» жартылай қорғаушысы командадан өзін босатуды сұрап қысым көрсетіп отырған көрінеді. Бразилиялық ойыншының бар ойы биыл қысқы трансфер кезінде-ақ каталондық клубтың жейдесін кию болса керек.

Негізі «Барселонаның» Коутиньоға көз қадап жүргеніне көп болды. Биыл жазда оны өз қатарларына қосу үшін үш мәрте ұсыныс жасаса да Ағылшындық тарап қабыл алмаған болатын. Ал ойыншының өзі Испанияға келуге қарсы емес. Ол тіпті егер биыл қыста каталониялықтар тағы ұсыныс білдірсе бірден келісім беруге дайын екенін айтқан. Қазіргі командасы оны жіберуге тағы қосылмаса, онда алаңға шығудан бас тартатынын да жеткізген.

Испаниялық «Mundo Deportivo» басылымының мәліметіне сенсек, Коутиньоны қатарларына қосу үшін "Барселона" командасы кем дегенде 145 миллион евро шығындалатын көрінеді. Ал Ағылшындық ақпарат құралдарында көрсетілген баға 135 миллионды құрап отыр. Қалай десек те жақын уақытта 100 миллион евролық межені бағындырған тағы бір трансфер жүзеге асатын секілді.