ХХ ғасыр халқымыз үшін жауырынды мұздатар жауыздықтарымен ғана емес, жүректі жылытар жақсылықтарымен де есте қалды. Мәдениет пен спорт саласындағы марқасқа тұлғаларымыз өткен ғасырдың өзінде-ақ ел намысын ту етіп көтерген еді. Солардың бірі қазақ спортының саңылағы Тимур Сегізбаев болатын.

Қазақ футболының қара шаңырағы саналатын Семей өңірінде туған Тимур Санжарұлы біздің де аладопта алынбаған еншіміз бар екенін дәлелдеп берді. Біз секілді футболға кеш келген халық үшін Тимурдай бір ұлдың туғаны да мақтан. Теңбіл допта өзгемен терезесін теңестіру міндеті де әне сол Тимурлардың мойынында!

Алматының орталық стадионына “Қайраттың” ойынын тамашалауға бара қалсаңыз көрермендер қатарында жасы жетпістен асып, сексенге таяған талай көнекөз жанкүйерді көресіз. Қартайған жастарына қарамай “Қайрат” деп ұрандағанда жанайқайлары жастарды басып озады. Дәл осы футбол сүйер ағаларымзды бүгінгі Исаэль мен Гоудың жанкүйерлері деуге тіптен қимайсың. Менше олар өткен ғасырда ұлт намысы болған “Халық командасы - Қайраттың” қолдаушылары. Анықырақ айтқанда, Тимур Сегізбаевтардың сиқырлы өнеріне арбалғандар екені сөзсіз.

Одақтас республикалар арасында Ресейдің футболы басқаларына қарағанда көш ілгері болды. Тіпті КСРО құрамасы әлемдегі алпауыт ұжымдардың бірі болған. Алайда одақ құрамындағы Қазақстан секілді бодан елдердің спорты озық бола қойған жоқ. Десе де, мың жерден Мәскеуге бағынды дегеніңізбен, ел намысы сөз болған жерде әр ұлт өз ұлының шашбауын көтеретін. Содан да болар “Қайрат” көршілес елдердің командасымен кездесу өткізгенде бүкіл қазақстандықтар тақымын қысып, тілеуін тілейтін болған.