Қазақстан алғашқы рет қазақ күресінен «Еуразия Барысы» әлем Кубогында екі құрамамен шығады
Желтоқсанның 16-і күні Almaty Arena спорт кешенінде қазақ күресінен «Еуразия Барысы» әлем Кубогы өтеді, деп хабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.
Биыл осы жарысқа Бразилия, Жапония және Камерун елдері тұңғыш рет қатысады. Сонымен қатар Моңғолия, Грузия, Өзбекстан, Түркия және алғашқы рет Қазақстанның қос командасы бақ сынайды.
Үш дүркін жеңімпаз атанған Қазақстан ұлттық қүрамасында Даулбай Оспан (55 кг), Қуаныш Искаков (60 кг), Бақдаулет Сабитов (66 кг), Айдос Ғалымов (74 кг), Ерсұлтан Мұзаппаров (82 кг), Бекзат Ахметбеков (90 кг), Асыл Барменов (100 кг), Айбек Нұғымаров (+100 кг) сынды палуандар өнер көрсетеді.
- Биылғы сайысқа Қазақстанның атынан ұлттық құрамамен Алматы қомандасы жарыс жолына шығады. Екі команданында құрамасында мықты-мықты палуандар бар. Олар көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпаздары. Бірақ, келген қарсыластарымыз да осал емес. Жеребе тартылған соң кіммен шығатынымыз белгілі болады,Ең бастысы екі команда бір бірімен шықпаса болғаны, - деді қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Жеңіс Диқанбай.
Екінші құрама – Алматы командасының намысын Даулет Ниетбай, Ержан Мағауинов, Қасымхан Түленбай, Аманкелді Төлемісов, Сахан Абдықасым, Саят Шамшиев, Арслан Абдамит және Руслан Абдразаков қорғайды. Олардын бәрі бүгінгі салмақ өлшеу рәсімінен сәтті өтті.
- Біз осы жарысқа толықтай дайынбыз деп айтсақ да болады. Алдымызда үлкен мақсат тұр – барлығын ұту деген. Өзімізді мықты құрама екенімізді дәлелдеу үшін барынша тырысатын боламыз, - деп Алматы клубының аға жаттықтырушысы Бауыржан Тәліп өз ойымен бөлісті.
Айта кетер жайт, бұған дейін халықаралық турнир ретінде өткен жарыс осымен бесінші рет жалауын желбіретпек. Үш жыл Тараз қаласында ұйымдастырылған «Еуразия Барысы» биыл екінші рет оңтүстік астанада өткізіледі. Жыл сайын дәстүрлі жарысқа Грузия, Моңғолия, Ресей, Польша, Түркия, Қырғызстан және тағы басқа көптеген елдің білекті балуандары өзара мықтыны анықтайды. Соның ішінде Қазақстан құрамасы аталмыш командалық жарыста үш рет топ жарды, тек 2014 жылы ғана Моңғолия құрамасы қарсылас шақ келтірмеді.
Биылғы жылдын жүлде қоры 20 млн. теңгені құрайды. Бірінші орын үшін қатысушылар – 10 млн, екінші орын – 6 млн және үшінші орын – 4 млн. теңгені ұтып алмақ.
Комментарии