Бүгiн Ақордада Қазақстан Тәуелсiздiгi күнiне орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ерен еңбегiмен ерекшеленген бірнеше азаматтарды марапаттады.

Марапаттау рәсімінде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, егеменді ел ретінде дамыған жылдарымыздағы бірқатар жетістіктерді атап өтті.

– Мемлекеттік егемендікке ие болған соң біз мықты әрі өркендеу жолына түскен Қазақстанды құруға кірістік. Осы жылдар ішінде еліміз көптеген елеулі жетістіктер мен жеңістерге қол жеткізді. Ауқымды жаңғыру үдерісі аясында азаматтарымызға жоғары әлеуметтік кепілдік беріп, әл-ауқатының артуын қамтамасыз еттік. Біз Қазақстанның халықаралық беделін нығайтып, жаһандық деңгейдегі ауқымды іс-шараларды лайықты өткіздік, – деді Елбасы.

Марапатталғандардың қатарында қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, «Жақсылық» ШҚ басшысы Жақсылық Үшкемпіров те болды. Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Мемлекет басшысы қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатталды.