Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері Асхат Житкеев Конфедерация кубогінің марапаттау рәсімінде өз көңіл-күйіне ерік беріп, қуанышын жасырмады.

- Конфедерация кубогы керемет әсер қалдырды. Жарыстың форматы жақсы. Халыққа қызықты. Келген көрермендер әр спорт түріне жанкүйерлік танытып отыр. Конфедерация кубогының басты мақсаты – барлық спорт түрлерін бірден көрсету. Меніңше, Қарағанды облысының командасы әділетті түрде жеңіске қол жеткізді. Балуандарының дайындығы жақсы. Жылды қорытындылаушы жарыс болған соң ба жігіттер тәуекелге бармай, тактикалық күрес көрсетті. Финалда тек Смағұлов қана әдіс жасады. Ал қалған дзюдошылар ескертумен жеңіске жетіп жатты. Ақтөбе облысының құрама командасы финалға шыққаны мені таң қалдырды. Бұған дейінгі жарыстарды әлсіз көрінген еді. Жыл соңына қарай бұл ұжым осы жақсы ерекше рухпен келгені байқалды.