Ақмола облысында шаңғы жарысынан қысқы спорттық маусымы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша 2017-2018 жылғы маусымның ашылуына Астана қаласы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарынан жиналған 200-ге жуық шаңғышы қатысты.

Маусымның ашылуында №2 олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің директоры Жәнібек Еңсегенов құтықтау сөз сөйлеп, шаңғышыларға жарыс жолында сәттілік тіледі.

«Баршаңызды қысқы маусымның ашылуымен құттықтаймын. Жарыс жолында ширақ қимылдап, жеңіс тұғырынан көрінулеріңізге шынайы тілектестігімді белдіремін», - деді Ж.Еңсегенов.

Щучинск қаласындағы «Березняк» шаңғы жолына шыққан спортшылар жас ерекшеліктері бойынша белгіленген қашықтықты шаңғымен сырғанап өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы диплом, кубок және медальдармен марапатталды.

Еске сала кетейік, Щучинск қаласы әлемдік деңгейдегі шаңғышыларды даярлайтын орталық болып саналады. Щаңғы жарысынан Қазақстандық тұңғыш олимпиада чемпионы Владимир Смирнов та осы Щучинск қаласында туған.