Желтоқсанның 3-і күні, сағат 19.00 «Медеуде» Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күніне орай, Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Олимп» спорттық орталығының қолдауымен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Гавайи аквапаркі жаңа рекордты орнатады.

Кәсіпқой бармендер жалпы көлемі 170 литр «Мохито» классикалық коктейлін дайындайды. Оның құрамында: 13 кг лайм, 17 кг жалбыз, 65 литр минералды газды су, 4,8 л қант сиробы, 13 л құлпынай сиробы және мұз болады.

Бұл спорттық шара «Спорттық Алматы» бағдарламасының аясында, Медеу қонақтарын коньки тебуді тегін үйрететін нұсқаушылардың қатысуымен өтеді.

Сонымен қатар, «Медеу» мұз айдынының қонақтарына «Los Cubinos» кубалық тобы өнер көрсетіп, жанды дауыстарымен қуантады, сонымен қатар, Қазақстанның бармендер қауымдастығы 30-минуттық флайринг шоу, флешмоб көрсетеді. Ал Гавайи фитнес орталығының кәсіби бапкерлері келушілер арасында шеберлік сабақтар және қызықты викториналар ойнатады. Бұдан бөлек, шара ұйымдастырушылары мен Гавайи аквапаркі «Медеу» қонақтарына бағалы сыйлықтарды табыстайтын болады. Мереке естен кетпес феерверк шоуымен мәресіне жетеді.

Естеріңізге сала кетсек, билеттер мен конькиді жалға алу «Медеудегі» прейскурантка сәйкес беріледі. Конькимен сырғанауға ақысыз түрде үйрету сабақтары желтоқасанның 24-і дейін жалғасып, келесі жылдың қаңтар айында қайта іске қосылады.

Спорттық шараның басты мақсаты қаладағы бұқаралық спорт түрлерін дамытып, қала тұрғындары мен қонақтарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырту болып табылады. Акция «Спорттық Алматы» бағдарламасының аясында биылғы жылдың 25-ші ақпанында басталған болатын.

«Спорттық Алматы» бағдарламасы қаладағы бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүзеге асырылды.