Бокстан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов Prosports.kz тілшісіне ел чемпионатындағы жеңісі мен кәсіби мансабын қашан аяқтайтынын айтты. - Әділбек, Қазақстан чемпионатындағы жеңісіңіз құтты болсын. Жалпы ел біріншілігі қалай өтті? - Енді Қазақстан чемпионаты жыл сайын өтетін жарыс. Өздеріңіз көрген шығарсыздар, жастарымыз жақсы өнер көрсетті. Жалпы, ел біріншілігі қызық өтті десе де болады. Әр салмақ дәрежесінде жас талантты боксшылар болды. Құдай қаласа, олар алдағы уақытта әлемдік деңгейге шығады деген ойдамыз. - Жас боксшылардың арасынан кімнің өнері ұнады?- Әр салмақта көңілімнен шыққан боксшылар болды. Бірінші жекпе-жектен бастап финалдық айқасқа дейін аянбады. Бұйыртса, осы Токио Олимпиадасынан кейін бұл жігіттер ақырындап халықаралық жарыстарға шыға бастайды. - Көптеген бокс сарапшылары сіздің финалдағы қарсыласыңыз Әлімханұлы болады деп ойлады. Бірақ Жәнібек ширек финалда жеңіліп қалды. Неліктен деп ойлайсыз? - Негізі, Жәнібекке қарсыласын бір соққымен-ақ жеңуге болар еді. Бірақ оған не болғанын білмеймін. Оны бапкерлерінен сұраған дұрыс шығар.