Шымкенттегі жеңіл атлетика спорт кешенінде қазақ күресінен даңқты балуан, қазақ даласының батыры, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы халықаралық турнир басталды.

Бес мемлекеттен келген 200-ден астам балуан бас жүлдеге тігілген темір тұлпарды сарапқа салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы кезінде 48 мемлекетте болғаны, ешқашан да жауырыны жерге тимегені баршаға мәлім. Сондықтан да қазақ күресімен айналысатын әрбір балуан батыр бабамыздың атындағы турнирге қатысып, өз мықтылығын танытуға тырысады. Бұл жолы жарысқа Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстаннан ең таңдаулы деген балуандар шақырылды. Сонымен қатар, «Қазақстан барысына» қатысып, жүлде алған бес балуан да боз кілемде белдеседі. Олардың арасында Ұлан Рысқұл, Мұхит Тұрсынов, Жұманазар Ерсұлтанов сынды атақты спортшылар да бар. Турнирдің түйе балуанына батырдың жатқан жері, Ордабасы ауданының әкімі Рашид Қайыпжанов темір тұлпар тікті. Жарысты ұйымдастырушылар атынан «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филлиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов апайтөс балуандарға сәттілік тіледі. Жыл сайын ауқымы кеңейіп келе жатқан бұл турнирден еліміздің дарынды балуандары қатысып, шеберліктерін шыңдаған . Жеңімпаздар мен жүлдегерлер алдағы күндері анықталды.