Бүгін елорданың Ильинка елді мекенінде жаңа спорт мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Бұл жайында ҚазАқпарат хабарлады.

Осы оқиғаға байланысты таратылған ақпаратқа қарағанда, жаңа мектептің ашылу салтанатына Астана қаласы әкімі Асет Исекешев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков, ҚР Парламент Сенатының депутаты Дархан Кәлетаев пен Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев қатысады деп жоспарланған. Мектептің жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайды. Жаңа спорт мектебінде шахмат және тоғызқұмалақ үйірме залдарынан басқа шығыс жекпе-жек залы, күрес залы және жаттығу залы бар. Бұл мектепте киокушинкай каратэ, дзюдо, джиу-джитсу, таэквондо, бокс, шахмат және тоғызқұмалақ секілді спорт үйірмелері жұмыс істейтін болады. Жаңа спорт залы ҚР Ұлттық киокушинкай-кан каратэ федерациясының әлеуметтік серіктесі - «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен ашылмақ. Қордың бастамасымен мектепте церебральді сал ауруына шалдыққан балалар сабақтарға тегін қатыса алады.