Тамыздың соңында Бразилияның Рио-Де-Жанейро қаласында дзюдоистер үшін ең маңыздың турнирдің жалауы желбірейді. Мұхиттың арғы жағында өтетін әлем біріншілігіне Қазақстанның ең мықты спортшылары аттанады. Жігіттерден тек жеңіс күтетін жанкүйерлер «алтыннан» дәмелі. «Чемпион болады-ау» дегендердің ішінде Максим Раковпен қатар Елдос Сметов есімді жас дарын тұр.  20 жасар Елдос тура үш жыл бұрын жастар арасында чемпион атанған. Кейін, 2011 жылы Ташкентте өткен әлем кубогында топ жарды. Өкінішке қарай, Бангкокта өткен сары құрлық бәсекесінде финалға дейін жете алмай қоланы місе тұтқан болатын. «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісі «алтыннан алқа тағынам» деп арманның ақ туын желбіретіп ұшқалы тұрған саңлақпен тілдесіп қайтқан болатын.
 
«PROСПОРТ» дерегі
 
Елдос Сметов, дзюдошы
 
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері
 
Туған жері мен күні: 09.09.1992 жылы туған, Луговое, Жамбыл обл.
 
Тараз қаласының намысын қорғайды.
 
Салмақ дәрежесі:  60 кг (2011 жылдан бері)
 
 
Жетістіктері:
 
Жастар арасынадағы әлем чемпионатының жеңімпазы (2010 ж. Марокко), Жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері (2011 ж. ОАР), Әлем кубогының иегері (2011 ж. Өзбекстан), Еуропа кубогының жеңімпазы (2013 ж. Польша), Еуропы кубогының күміс жүлдегері (2013 ж. Грузия), Гран-при кезеңінің күміс жүлдегері (2013 ж. Түркия), Азия чемпионатының қола жүлдегері (2013 ж. Таиланд)
 
Әлемдік рейтингідегі орны: 9
 
- Елдос, сізге қойылатын басты сұрақтың бірі, Бразилияға баратын болдыңыз ба? Бапкер сізді таңдап, талаптар қойып отыр ма?
 
- Негізгі құрам Азия біріншілігі мен Түменде өткен «Әлем жұлдыздары» турнирінен кейін белгіленіп қойған. Дәл қазір мен әлем чемионатына дайындалып жатырмын.
 
Бір аға келіп: «Кімсіңдер?» деп сұрады.
Сол кісі менің алғашқы бапкерім – Ахмет Жұмағұлов
 
- Қазіргі таңда болашағынан үміт күттіретін спортшылар қатарындасыз. Десек те сіз жайлы дерек ғаламторда өте аз екен. Көбірек сыр шертсеңіз, сізді спортқа үлкен ағаңыз Жандостың ізін басып келіпті дейді...
 
- Кішкентаймыздан күреске әуестенетінбіз, ауылда тұрғанда ағам еркін күреспен айналысатын. Жаттығып жатқан кезінде мен артынан қайталайтынмын. Ал дзюдоға бір күнде бардық. Таразда тұрғанда мен бес жаста  едім, ағам тоғызда. Ата-анамыз кешке дейін жұмыста. Біз өз бетімізбен үйде жүреміз. Сөйтіп дәл үйдің жанындағы спорт мектебіне бас сұқтық. Ақ кимоно киіп күресіп жатқан жігіттердің өнеріне таңданып қалыппын. Айналып кеп сальто жасайды! Жүгіріп, секіріп арттарынан қалмай әдістерін қайталай бастадық. Сосын бір аға келіп (күледі): «Кімсіңдер?» деп сұрады. Сол кісі менің алғашқы бапкерім – Ахмет Жұмағұлов.
 
- Дзюдоны әдемі киім үшін таңдадыңыз ба сонда? 
 
- Солайда шығар. Суға түскенде киетін киімге ұқсайтын күрестің өзге түрлерімен салыстырғанда сәнді көрінеді, әрі мұнда айла-тәсілдер де көркем байқасаңыз. Дзюдоны бірден таңдадым.
 
- Жандос ше, үлкен спортпен айналысады ма?
 
- Ол  2008 жылы тізесінен қатты жарақат алып дем алыс алған. Енді жаттығуға қайта кірісіп, келер жылы өтетін ел біріншілігіне қатыспақ.
 
- Алғаш рет жетістікке жеткеніңізде қанша жаста болдыңыз?
 
- Алты жасымда Алматыда өткен балалар турниріне қатысқанмын. Өз салмағым 18-ақ келі болса да 21 келіге дейінгі салмақта топ жардым.
 
- Медальдар сақталды ма?
 
- Медаль болмаған да. Басында үлкен теледидар береді деп сендіріп қойған. Үйге жеткізе алмаймын-ау деп уайымдап әкемді ертіп әкелгем Алматыға. Жеңетінімді білдім. Алайда оны да бермеді. Марапаттау кезінде теледидардың үлкен қорапшасынан гүлсауыт алып шықты. Сонда жылап жіберіппін. Бала алданып қалды (күледі).
 
- Әлгі жеңістен кейін әке-шешеңіз сізден үлкен спортшы шығатынын сезді ме?
 
- Жоқ. Аса мән бермеді. Ағам екеуіміз уақытты бос өткізбей әншейін спортпен айналысып жүр деп ойлады. Кейін Астанадағы Мұңайтпасов атындағы спорт мектебіне түскенімде ғана әкем ойлана бастады. Тоғызыншы сыныпта Алматыдағы интернатқа көшіп жастар біріншілігіне қатыса бастадым. Алғашында үшінші орын алдым, бір жылдан кейін екінші сатыға көтерілдім. Содан соң Германияға жарысқа аттандым. Ұтқан соң Азия чемпионатына барып бірінші орын алдым. Сонда әкем айта бастады жетістікке жете алатынымды. Артынша жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жардым.
 
- Сол жылы Мороккода өткен чемпионатта сіз 55 келіге дейінгі салмақта  өнер көрсеттіңіз. Бір жылдан кейін Кейптаунда 60 келі болып шықтыңыз. Салмақ ауыстырғанның кесірінен алтын бұйырмады ма?
 
- Негізі, екінші әлем біріншілігінде жартылайфиналда жапонды жеңген болатынмын. Төрешілер тайдырды жолдан. Әдіс жасасам ұпайымды қоймайды. Бірақ бұл қалыпты жағдай. Ірі жарыстарда да «көз қысты бармақ басты» әрекеттер алға басып кететіні бар. Әсіресе төрешілердің жапондарға бүйрегі бұрып тұратыны қызық.  Дегенмен салмақ ауыстыру да оңай емес. Себебі «салмақ қуалағанда» басқалары 64-65 келіні қалыпты ұстап тұрса. Менің орта салмағым 58 келіні құрады. Шапшаңдығымның арқасында жүлдегерлер қатарына іліндім әйтеуір.
 
«Әткеншекпен тербелгенде бағанасы шыдамай «пырт» етіп сынды.
Діңгегі басыма тиіп қанжоса болдым»
 
- Соңғы өткен Қазақстан чемпионатында бісінші орын алдыңыз, қарсыластар өкшені басып келеді ме?
 
- Әрине, қалысып тұрған ешкім жоқ. Асқат Тельмановтың өзін алып қараңыз, әлем рейтингісінде он бірінші орында тұр, мен тоғызыншымын. Ел біріншілігі алдында физикалық дайындығым да нашар еді.
 
- Тұмау тиді ме?
 
- Жоқ. Бала кезімде бастан жарақат алғанмын. 11 жыл бұрын. Әткеншекпен тербелгенде бағанасы шыдамай «пырт» етіп сынды. Діңгегі басыма тиіп қанжоса болдым. Кейін ұзақ емделіп, әке-шешем «спорттан бас тарт» деді. Бір жыл ембеліп дзюдоға қайта оралдым. Содан бері қатты күтінетін болдым. Аура қалсам басым солқылдайды да тұрады.
 
- Қазан Универсиадасына,  Мәскеудегі Гранд-Слэмге неге бармадыңыз?
 
- Қазанға баруға болатын еді. Алайда әлем біріншілігі жақындап қалғандықтан бапкерлер жібермеді. Ештеңе етпейді. Мәселен мені жеңген Ибраев Рустам есімді жігіт аттанды ол жарысқа.
 
- Сіздің ойыңызша, командамыз Универсиадада жақсы өнер көрсетті ме?
 
- Онша емес, әрине. Медаль болмаған соң көңіл толмайды ғой.
 
- Универсадада бірінші орын алған спортшыларға мемлекет үш мың АҚШ долларынан берді. Олимпиадаға қатысқандармен салыстырсақ арасы жер мен көктей, оларға 250 000-нан таратқан. Осы себепті де кейбір спортшыларымыз қатысудан бас тартты деп есептмейсіз бе?
 
- Білмеймін. Мұндай ірі жарыстардан ешқай спортшы бас тарпайды деп ойлаймын. Бапкерім мені жібергенде қуана-қуана барушы едім.
 
Жастар біріншілігін жеңгенде 5000-ға байыдым
 
- Азия мен Әлем біріншілігінде жеңіске жеткендерге мемлекет сыйақы қарастырған ба?
 
- Иә, ересектер арасындағы әлем чемионатын ұтсаң федерация 100 000 доллар береді, көлік пен пәтерді есептемегенде. Мен жастар біріншілігін жеңгенде 5000-ға байыдым. Облыс әкімшілігі де қосымша 8000 доллар сыйлады.
 
- Қазақстандағы ең мықты дзюдошы деп кімді есептейсіз?
 
- Максимді, әрине (Раков). Асхат Тельманов пен Наурызбек Майлашев те осал емес.
 
- Риода басты қарсыласыңыз кім болады?
 
- Рейтингідегі көшбасшылар. Такато мен Галстян. Жалпы Ресейліктер, жапондар мен моңғолдар өте мықты.
 
- Жанкүйерлер сізден «алтын» күтіп отыр.
 
- Әлбетте күтсін. Сол үшін тер төгіп жаттығып жүрмін.
 
 
 
Евгений ГАЙДАМАКИН
 
Аударған: Қайсар ОҚАСОВ
 
Түпнұсқасы