Көкшетаулық таэквондашылар ел біріншілігінде 3 күміс, 1 қола медальға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша Қостанай қаласында балалар мен жасөспірімдер арасында таэквондадан Қазақстан чемпионаты өтті. Оған еліміздің əр өңірінен келген 700 жуық жас спортшылар қатысты. Оның ішінде Ақмола облысынан барған 15 таэквондашы жақсы өнер көрсетті. 8-9 жастағылар арасында 30 келі салмақта Данияр Базарбаев, 55 келі салмақта Айғаным Куанышбекова екінші орын алса, 10-11 жастағылар арасында 30 келі салмақта Мадияр Кенжебай үздік үштіктен көрінді. Бұл таэквондашылардың үшеуін де балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде Ғалымжан Мырзагелдин жаттықтырады. Ал 6-7 жастағылар арасындағы ең кішкентай қатысушы Алуа Əділбек 22 келі салмақ бойынша күміс жүлдегер атанды. Таэквондадан Ақмола облысының аға жаттықтырушысы Ержан Ормановтың айтуынша, 6 жасар Алуаның осы спорт түрімен айналыса бастағанына 1 жыл да толған жоқ екен.