Alash Pride президенті Данияр Қасқарауов Prosports.kz тілшісіне эксклюзив сұқбат беріп қазақстандағы ММА-дің хал ахуалын баяндады.

- Сұрақты бірден төтесінен қойып Alash Pride-тың үздік спортшылары туралы білгім келеді. Арман Оспанов пен Қайрат Ахметов октогонға қашан оралады?

- Қайраттың мақсаты есені қайтарып ONE FC белбеуін тартып алу. Желтоқсанда Бангкокта ірі турнир өтеді. Осы жолы жеңіске жетсе чемпиондық белбеуге қайтадан тартысады. Қазіргі келісімшарты көңілден шығады. Сондықтан ONE FC-мен жұмысы жалғаса бермек. Біз оның Азияда жұлдыз болғанын қалаймыз.

Арман Оспанов желтоқсанның 23-де Мәскеуде ұйымдастырылатын үлкен турнирге қатысады. Қарсыласы Алексей Полудников. Лақап аты «Гладиатор». Кездесуге дейін Арман қалпына келіп үлгереді деген ойдамыз.

- Арман ұтылып қалса да Қазақстанда үздік санала ма?

- «Алматы Аренада» жеңіліп қалғаны өкінішті әрине. Дегенмен халық мықтыны тани біледі. Ұтылып қалған күннің өзінде ең жоғары рейтингілі файтер Арман. Реванш жасауға толық мүмкіндік бар. Себебі екеуі де АСВ ұйымында. Бәлкім көктемде реванш өтеді. Жекпе-жек алдында Сильваны әлсіз қарсылас деп санағандар болды. Өздеріңіз көрдіңіздер, біз нашар қарсылас таңдамаймыз. Жігіттеріміз тек мықтылармен шығуды қалайды.