Алматыда балалар үйлерінің тәрбиеленушілері арасында ашық спартакиада өтті
«Жанұя» мамандырылған кешенінде «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында Алматы қаласының балалар үйлерінің тәрбиеленушілері арасында 150-ге жуық адамның қатысуымен ашық спартакиада өтті.
Бұл спартакиада шағын-футбол, арқан тарту, тоғызқұмалақ, шахмат, асық ату және үстел теннисі спорт түрлерінен Қайрат футбол командасы, Макси чай компаниясы және Студенттер лигасының қолдауымен өткізілді.
Спорттық жарыстарға 18-ден аспаған балалар үйлерінің тәрбиеленуші командалары қатысты. Олардың арасында бұл спорт түрлерінен басқа көптеген ойындар ойнатылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медалдар, сонымен қатар жеңімпаз командаларға кубок және сыйлықтар табысталды.
-Мен бұл іс-шараға өте ризамын. Маған қатты ұнады. Футболдан бірінші орынға ие болдық. Әрине карсыластарымыз осал емес, бірақ біз жеңдік, - деді №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі Ренат.
Жалпы командалық есеп бойынша №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері бірінші орынды жеңіп алды, екінші орынды «Жанұя», ал үшінші орынға «SOS» командасы жайғасты.
Спартакиаданың басты мақсаты жастардың дене шынықтыру деңгейін арттыру және үздік командаларды анықтау болып табылады.
«Спорттық Алматы» бағдарламасы мегаполистегі бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.
Комментарии