Бүгін Нұртау гольф-клубында халықаралық деңгейдегі кәсіби гольфшылар балаларға арналған шеберлік сабағын өткізді. Еске сала кетсек, осы аптада алып шаһарда гольфтан European Challenge Tour аясында «Kazakhstan Open 2017» халықаралық турнирі басталған болатын.

Осыған орай, айтулы жарыс қатысушылары Нұртау гольф-клуб академиясының тәрбиеленушілерімен шеберліктері мен тәжірибиелерімен бөлісті.

Балалар академиясының директоры Александр Вонгай атап өткендей, «Kazakhstan Open 2017» чемпионатына бақ сынасуға келген шетелдік мамандар барлық қалаушыларға өз кәсіби мансаптары туралы әңгімелеп, гольфтың жаңа әдістерін көрсетті.

Шеберлік сабағы Бредли Нейл, Питер Густафссон, Сэм Хосбу және Мануэль Трэппл кәсіби спортшылардың қатысуымен өтті.

- Біз бүгін таңертеңгі раундты ойнап болған соң, осы шараға қатысуды ұйғардық. Ең бастысы, балалардың осы спортқа деген қызығушылығы бар. Олар барлық кеңестерге құлақ түріп, тапсырмаларды бұлжытпай орындауға тырысты. Ал біз әрқашан тәжірибиемізбен бөлісуге дайынбыз, - деп атап өтті кәсіпқой гольфшы Сэм Хосбу.

Өз кезегінде, жас спортшылар әлемдік деңгейдегі әйгілі гольфшылармен бір алаңда ойнау үлкен мәртебе екенін атап өтті.

- Мен бүгін көптеген жаңа әдістерді меңгердім. Олар бізге қалай ойнайтындарын көрсетті, пайдалы кеңестер берді.Осындай мүмкіндік үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Әрине, мұндай спортшылар шабыттандырады, мен осы деңгейге жету үшін көп жұмыс істейтін боламын, - деп Карим Наурузов өз әсерімен бөлісті.

Естерңізге сала кетсек, «Нұртау» гольф-клубының кәсіпқой бапкерлері 6-13 жастар аралығындағы балалар арасында тегін шеберлік сабақтарын күн сайын дүйсенбіден жұмаға дейін өткізеді. Әр жеткіншек өзіне ыңғайлы уақытты таңдап, аптасына екі мәрте гольф пен шұғыл дануға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, бапкерлер бұл жобаны қала мектептерінде таныстыруда. Қазіргі таңда, Наурызбай, Әуезов және Бостандық аудандары қамтылды, ал алдағы уақытта қалған аудан мектептеріне де осы жоба ұсынылатын болады.