Бүгін, 28 тамыз күні Будапештте дзюдодан Әлем чемпионаты басталады.

126 елден 731 дзюдошы қатысатын жылдың ең маңызды додасында Қазақстан намысын 18 дзюдошы қорғайды. Кеше Будапештте дзюдодан Әлем чемпионатының жеребесі тартылған болатын.

Бүгін Әлем чемпионатының бірінші жарыс күнінде ерлерден 60 кг, әйелдерден 48 кг салмақ дәрежесіндегі татами шеберлері бақтарын сынайды. Аталған екі салмақта Қазақстан ұлттық құрамасынан 3 дзюдошы шығады. Олар: Елдос Сметов (60 кг), Ғұсман Қырғызбаев (60 кг) және Отгонцэцэг Галбадрах (48 кг). Жеребе бойынша Елдос Сметовтың алғашқы қарсыласы - Нэусо Сигаукие (Мозамбик), Ғұсман Қырғызбаев франциялық Ривол Кедрикпен кездеседі. Ал, Отгонцэцэг Галбадрах Әлем чемпионатын екінші айналымнан бастайды. Қарсыласы – Италия спортшысы Милани Франциска.

«Qazsport» телеарнасы дзюдодан Әлем Чемпионатын тікелей эфирде көрсетеді. Трансляциялардың басталуы - 13:55 және 19:55-те. Естеріңізге сала кетсек, дзюдодан Әлем чемпионаты 28 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында өтеді. Бұл жарыста Қазақстан намысын 18 дзюдошы қорғамақ.