«ALASH PRIDE» клубы АСВ промоушенімен бірлесе отырып, 9-қыркүйекте, Алматы қаласының 1001 жылдығы құрметіне, Алматы əкімдігінің қолдауымен, аралас жекпе-жектен үлкен халықаралық «АСВ-69» турнирін өткізеді. Турнирдің басты кездесуінде Арман Оспанов кезекті жекпе-жегіне шығады. Аталмыш сайыста жеңілмеген жерлесіміз Асылжан Бақытжанұлы да өнер көрсетеді. Болашағы зор спортшымыз «АСВ-69» турнирі алдындағы дайындығы жайлы Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

- Асылжан, кезекті жекпе-жегіңе дайындалуда екенсің. Жалпы қандастарымыздың басым көпшілігі сенің есіміңді естімеді. Сондықтан өзің және кәсіби спортқа келуің жайлы айтып өтсең...

- Мен 1990 жылы Алматы қаласында дүниеге келдім. Ғабит Мүсірепов атындағы № 86-шы мектеп-гимназиясының түлегімін. Спорттағы алғашқы қадамымды сол мектеп қабырғасынан бастадым. Жастайымнан күреске жақын болып, дзюдомен айналыстым. Бәлкім, сол кезден жекпе-жек түреліне құлшынысым пайда болған болар.

Сегізбұрышқа келетін болсақ, жұдырықтасу әдісін ұнатамын. Кәсіпқой спортта жеті жекпе-жек өткіздім. Оның алтауында жеңіске жетіп, біреуінде қарсыласыммен тең түстім.

- Қыркүйек айында өткізетін жекпе-жегіңе дайындығың қалай?

- Таиланд еліндегі оқу-жаттығу жиындарында жүргенде жекпе-жек өткізу туралы ұсыныс алып, келісімімді берген едім. Жекпе-жекке дайындық жақсы. Қазіргі таңда бапкерім және көмекші жігіттермен бірге жаттығудамын. Кездесуге дайындық мәселесі бойынша соларға толық сенім артып отырмын.

- Қарсыласыңның жекпе-жектерін қарап зерттедің бе?

- Бір-екі жекпе-жегін қарадым, бірақ әлі толықтай зерттедім деп айта алмаймын. Жалпы, қарсыласым тәжірибелі. Кәсіпқой деңгейде 40-қа жуық жекпе-жек өткізген. Бұйырса, бұл жекпе-жек өзім үшін де үлкен сынақ болмақ. Себебі өз елімде өнер көрсетемін. Ел үмітін ақтап, жеңіске жетуге барымды саламын.

- Өз жанкүйерлеріңнің алдында өнер көрсету қосымша жүк артады. Қобалжу бар ма?

- Қобалжу әзірге жоқ. Алайда жекпе-жек алдында кішкене үрей болады. Октагонға үйренісіп, қызып алғаннан соң бәрі ұмытылып кетеді.

- Елді шулатқан МакГрегор – Мейвезер және Головкин - Канело жекпе-жектеріне болжамың қандай?

- Егер МакГрегор бесінші раундқа дейін қарсыласына ештеңе істей алмаса, ұпай саны бойынша Мейвезер ұтады деп ойлаймын. Ал Головкин – Канело жекпе-жегіне келер болсақ, әрине, бәріміз Генаға жанкүйер боламыз. Головкиннің жеңісіне еш күмәнім жоқ.

- Сұхбатыңызға рахмет! Үлкен жеңістер тілейміз!!!