Алматы облысының Талғар ауданында шөген спортынан Қазақстанның екінші біріншілігі өз мәресіне жетті.

Аргентина елінде пайда болған шөген спортынан Қазақстанның алғашқы біріншілігі 2016 жылы өткен болатын. 11 тамыз күні бастау алған екінші ел чемпионатында «Almaty polo club», «Astana polo club», Әулиеата шөген клубы, Ақмола облысының шөген федерациясы, Оңтүстік Қазақстан облысының шөген федерациясы және Аққия шөген клубтары бақ сынаған.

«Бүгінде шөген спорты елімізде қарқынды дамып келеді. Қазақстанның бірнеше өңірлерінде федерациялар ашылып, жемісті қызмет атқарып келеді. «Almaty polo club» пен «Astana polo club» командалары халықаралық жарыстарда топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр», - деді құттықтау сөзінде Қазақстан шөген спорты федерациясының вице-президенті Сәрсен Құранбек.

Алғашқы біріншіліктің чемпионы Әулиеата командасы жартылай финалдық кездесуде алматылық спортшыларға есе жіберіп, үшінші орын үшін Ақмола облысының құрамасымен күш сынасты. Ал «Almaty polo» мен «Astana polo club» командалары финалда кездесті.