Тамыздың 11-і мен 13-і аралығында Алматы облысының Талғар ауданында ат спорты кешенінде шөгеннен Қазақстан чемпионаты өтеді. Бұл туралы 24.kz хабарлады.

Ел біріншілігіне «Almaty polo club», «Astana polo club», Әулиеата шөген клубы, Ақмола облысының шөген федерациясы, Оңтүстік Қазақстан облысының шөген федерациясы және Аққия шөген клубтары жарыс жолына шығады. Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатында жамбылдық Әулиеата шөген клубы топ жарған болатын.

Айта кетейік, 2012 жылы Өмірзақ Шөкеев мырзаның бастамасымен Қазақстан шөген федерациясының негізі қаланды. 2014 жылы федерация президенті болып Асылжан Мамытбеков мырза сайланды. Содан бері Федерацияның атқаратын жұмысының бірнеше бағыты айқындалып, елімізде полоны дамытудың негізгі алғышарттары жасалды. 2014 жылдың желтоқсан айында Қазақстан шөген федерациясы Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен Халықаралық поло федерациясының Бас Ассамблеясында мүшелікке қабылданды.