Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында өтетін жеңіл атлетикадан XVI әлем чемпионатына 205 елден 2034 спортшы қатысады. Бұл туралы Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығы (IAAF) ресми түрде хабарлады.

Жалпы, әлем чемпионатының нормативін 1084 ер спортшы, 954 әйел спортшы орындаған. Олар жеңіл атлетиканың 48 түрінен өздерінің бақтарын сынайды. Негізі бұған дейін әлем чемпионатында 47 сайыс енгізілген еді. Осы жолы IAAF Кеңесі әйелдер арасында 50 шақырымға спорттық жүріс бағдарламасын қосты.

Соңғы рет 2015 жылы Қытай астанасы Пекинде өткен чемпионатқа 207 елден 1936 атлет қатысқан. IAAF ресми түрде спортшылардың толық хаттамасын 3 тамыз күні жариялайды.

Лондондағы біріншілікке сырықпен секіруден Олимпиада чемпионы бразилиялық Тиаго Браз жарақатына байланысты келе алмайды. Сондай-ақ найза лақтырудан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Сунетт Вильонда денсаулығына байланысты қатыспайды.

Ал допинг дауына байланысты көрші Ресей елінің атлеттері өз елдерінің аттарынан қатыса алмайды. Олар тек бейтарап өнер көрсетеді. Сондай-ақ спортшылардың жейделерінде ресейлік екенін көрсететін тудың суреті болмау керек.

Қазақстан намысын «Тұманды Албионда» 13 спортшы қорғайды. Олар – Ольга Рыпакова, Мария Овчинникова (екеуі де – үш қарғып секіру), Виктория Зябкина (200 метр және 4х100 метрге эстафеталық жүгіру), Полина Репина, Георгий Шейко, Регина Рыкова, Диана Айдосова ( бәрі де – 20 шақырымға спорттық жүріс)Елена Наназиашвили (марафон), Ольга Сафронова, Юлия Рахманова, Рима Кашафутдинова, Светлана Голендова, Анастасия Тулапина (бәрі де – 4х100 эстафеталық жүгіру).