Будапешт тұрғындары алдағы уақытта тағы бір әлем чемпионатын көзбе-көз көреді. 28 тамыз-3 қыркүйек аралығында Венгрия астанасында дзюдодан әлем чемпионатының жалауы желбірейді.

judobase.org сайтының хабарлауы бойынша, бұл сынға қатысатын қазақстандық 18 спортшының 17-сінің есімі белгілі. Алдағы уақытта тағы бір балуанның есімі нақтыланып, отандастарымыз толық құраммен қатысып қалуы ықтимал.

Қазақстан құрамасының бапкерлері мына спортшыларға сенім артып отыр:

Ерлер – Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев (60 келі), Азамат Мұқанов, Елдос Жұмақанов (66), Жансай Смағұлов (73), Ислам Бозбаев (90), Максим Раков (100), Ержан Шынкеев (+100).Әйелдер – Отгонцецег Галбадрах (48), Севара Нышанбаева, Анна Казюлина (57), Мариан Ордабаева, Ділбар Өмірәлиева (63), Зере Бектасқызы (70), Альбина Амангелдиева, Зарина Раифова (78), Гүлжан Исанова (+78).

Бұған дейінгі әлем чемпионаты 2015 жылы Астана қаласындағы «Алау» мұз айдыны сарайында өтті. 60 келіде Е.Семтов әлем чемпионы атанды, Р.Ыбыраев күміс жүлде иеленді. Қазақстан 1 алтын, 1 күміс медальмен командалық есепте 4 орын иеленді.