Қарағандылық «Шахтердің» бас бапкері Стаулюс Ширмялис Премьер-Лиганың 21-туры аясында павлодарлық «Ертіске» қарсы өткен матч жайлы пікірін білдірді. - Біз ойынды тәуір бастадық. Гол өткізіп алғанға дейін кейбір сәттерде қалай ойнау керектігін ұқпай жаттық. Гол да тым қызықты болды, алаңдағы жағдайды қатты өзгертіп жіберді, біз дүрлігуге салынып кеттік, асығып, бос орындарды қалдырып жүрдік. Бірінші таймда қарсыластар бізді бірнеше мәрте кешірді деуге болады. Ал, екінші таймда сабырға келіп, қарымта шабуылға шығып, ширақ қимылдай бастадық. Нәтижесінде, жеңіске жетіп, өте маңызды, аудай қажет үш ұпайды иелендік. Жігіттерге үлкен рахмет, олар осы жеңістің негізін қалады. - «Ертіс» сіздерге ойынды бір күнге шегеру туралы ұсыныс білдірген болатын. Не себепті келіспедіңіздер?

- Менің командам Еурокубогтерде ойнағанда өзім мұндай жағдайларда бірнеше рет тап болғанмын. Бұл сұрақты мен шешпеймін. Білуімше, өтініш кеш келіп түсті. Бұл бір жағынан қаржылай жағдайымызға да байланысты, себебі билеттерді ауыстыру керек, тағысын тағы. Клуб әр теңгесін санап отырғанда бұл оңайға соқпасы анық. Егер, ұсынсы тікелей маған келіп түссе, менің ол сұрақты шеше алатын құзырым болса, келісер едім. Маған белгілі, футболшыларым қарсы болмаған.