Монакодағы «II Луи» стадионында жеңіл атлетикадан «Гаухар лиганың» аса маңызды кезеңдерінің бірі өтеді. Осыдан кейін атлеттер Лондондағы әлем чемпионатына қатысады. Монакодағы кезеңдегі «спорт падишасының» мықтыларының біразы бой көрсетпек. Мысалы, ерлер арасында 100 метрге жүгіруде 8 дүркін Олимпиада чемпионы ямайкалық Усейн Болт жарыс жолына шығады. Сырықпен секіруден әлем рекордын жаңартқан Рено Лавиллени (Франция) мен Рио Олимпиадасының чемпионы Тиагу Брас да Силва (Бразилия) өзара мықтыны анықтап көрмек. Ал еліміздегі жанкүйерлер бірінші кезекте әйелдер арасындағы үш қарғып секіру сайысын тамашалайтыны анық. Қазақстан намысын 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова қорғайды. Жерлесіміздің қарсыластары осал емес.Риода өткен Олимпиада ойындарының чемпионы мен күміс жүлдегері – Катрин Ибаргуэн (Колумбия) және Юлимар Рохас (Венесуэла). Сондай-ақ Кимберли Уильямс (Ямайка), Параскеви Папахристу (Грекия), Патрисия Мамона (Португалия), Елена-Андреа Пантуриу (Румыния), Жанин Ассани-Иссуф и Руги Диалло (екеуі де – Франция). «Гаухар» жергілікті уақыт бойынша 20:45-те басталады. Ал елімізде мемлекеттік «Қазспорт» телеарнасы 00:05-те тікелей эфирден көрсетеді. Дохада басталған лига Бельгия астанасы Брюселльде аяқталады. Жалпы «Гаухар лига» 14 кезеңнен тұрады. Чемпион атанған атлетті 50 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы күтіп тұр. Сондай-ақ әрбір кезеңде үздік нәтиже көрсеткен спортшының қалтасы да бос қалмайды. Кезең жеңімпаздарына 10 мың доллар көлемінде сыйақы үлестіріледі.