Астанадағы «Rixos» қонақ үйінде ҚР жеңіл атлетика федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жеңіл атлетикадан 2017 жылғы Азия чемпионатында жеңіске жеткен және жүлдегер атанған спортшыларды марапаттады. Биылғы Азия чемпионатын 6-9 шілде аралығында Үндістанның Бхубанешвар қаласы қабылдады. Оған 43 елден 800-ден астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте Үндістан мен Қытайдан кейінгі үшінші орынға ие болды. Жерлестеріміз 4 алтын, 2 күміс, 2 қола жеңіп алды. Екі алтынға әйелдер арасында 100 және 200 метрге жүгіруден Виктория Зябкина қол жеткізді. Тағы бір алтынды үш қарғып секіру сайысынан Мария Овчинникова сыйлады. Одан бөлек құрамында Светлана Голендова, Рима Кашафутдинова, Виктория Зябкина және Ольга Сафронова бар 4х100 метрге эстафеталық жүгіруден әйелдер құрамасы топ жарды. Сафронова сонымен қатар 100 метрде күміс, 200 метрде қола медальға ие болды. Ирина Эктова үш қарғып секіруден күміс жүлдені, ерлер арасынан жалғыз қола медальды ядро серпуші Иван Иванов еншіледі. Сондай-ақ спорттық жүрістен Азия чемпионаты 19 наурызда Жапонияның Номи қаласында жеке өткізілді. Оған 27 жастағы қазақстандық атлет Георгий Шейко қатысып, күміс жүлдеге қол жеткізген еді. Оралдық спортшы Күншығыс елінде 20 шақырымды 1:20.47 сағатта жүріп, өзінің жеке рекордын орнатқан болатын. Сөйтіп, Азия чемпионатынан биылғы маусымда қазақстандық атлеттер жалпы саны 9 медаль жеңіп алды. – Еліміздің намысын халықаралық спорттық аренада абыроймен қорғаған барлық атлеттерге федерация басшылығы атынан алғыс білдіремін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауы арқасында спортшыларымыз биік белестерді бағындырып келеді. Енді 4-13 тамыз аралығында Лондонда әлем чемпионаты өтеді. Дүниежүзінің мықтылары бас қосатын жарыста өнер көрсететін атлеттерге сәттілік тілеймін. Бұл марапатамыздың соңы болмас деп үміттенемін – деді ҚР жеңіл атлетика федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков. Үндістандағы Азия чемпионатында жеңіске жеткен спортшылардың бірі 18 жастағы қарағандылық Мария Овчинникова. Ол үш қарғып секіруден 13,72 сантиметрге секіріп, алғаш рет құрлық чемпионы атанды. Сонымен қатар Лондонда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Қазіргі кезде мамандар жас спортшының болашағынан үлкен үміт күтіп отыр. – Азия чемпионатында бәсекелестік өте жоғары болды. Дегенмен Ирина Эктова екеуіміз алтын мен күмісті өзара бөлісіп алғанымызға қуаныштымын. Енді алда Лондонда өтетін әлем чемпионаты бар. мықтылары бас қосатын додада қолымнан келгенді аянып қалмаймын, – дейді үш қарғып секіруден Азия чемпионы Мария Овчинникова. Айта кетейік, Виктория Зябкина 100 және 200 метрде жеңіске жеткені үшін жеңіл атлетика федерациясы атынан 3 миллион теңгеге ие болды. Мария Овчнникова мен Ольга Сафронова 1,5 миллион теңгеден алса, Ирина Эктова мен Георгий Шейкоға 1,5 миллион теңге бұйырды. Сондай-ақ Иван Ивановқа 500 мың, ал эстафетеда жүгірген 4 атлеттің әрқайсысына 400 мың теңгеден берілді.