«Ақтөбе» футбол клубы мен Қобыланды батыр атындағы орталық стадион келер жылы жекешелендіріледі. Әзірге клубтың құны анықталған жоқ. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

Ақтөбеде 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарына 9 коммуналдық меншік нысаны кірді. Олардың арасында «Ақтөбе» футбол клубы мен Қобыланды батыр атындағы орталық стадион бар.

«Өткен жылы тазалық жұмыстарын жүргізетін, қоқыс жинайтын «Тазалық» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорынын үш рет сатуға қойып, өтпей қалды. Қазіргі уақытта кәсіпорынды жою жұмыстары жүріп жатыр. Биыл тағы 6 кәсіпорын жекешелендіріледі. Олардың арасында қала ішіндегі тазалыққа жауапты «Ақтөбе Таза Қала» мекемесі мен «Намыс» спорттық ойын түрлері клубы, «Ақтөбе-агросервис» ЖШС-ы бар. Бұл кәсіпорындар 100 пайыз мемлекетке тиесілі болды. Ал «Ақтөбе облыстық мемлекеттік-жекешелік серіктестіктің аймақтық орталығы» ЖШС-ның 51 пайыздық үлесі сатылады. «Ақтөбе» аймақтық индустриалды технопаркіндегі мемлекет үлесі 30 пайыз. Сол бөлігі ғана сатуға шығарылады. «Хромтау - Тазалық» мекемесінің 49 пайыздық үлесі де жекешелендіріледі. Қазіргі уақытта бағалау жұмыстары жүріп жатыр. Тек «Ақтөбе Таза Қала» ЖШС-ы 355 миллион теңгеге сатылды. Иесі бір жылдан кейін жекешелендіреді»,- деді Ақтөбе облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлқасима Суентаева.

Жекешелендіруге қойылған кәсіпорындар арасында «Ақтөбе» футбол клубы мен Қобыланды батыр атындағы орталық стадион да бар.

«Екі мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорын 2018 жылы жекешелендіріледі. Құны әзірге белгісіз. Бағалаушылар Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан құжаттарды алып, кейін екі нысанның негізгі құнын анықтайды. Содан кейін сатуға шығарылады. Қазіргі уақытта «Ақтөбе» футбол клубына жыл сайын 2 миллиард теңге аударылып отыр. Клубтың қарызы туралы білмеймін»,- деді Гүлқасима Суентаева.