«Астана» Чемпиондар лигасындағы кезекті жорығын сәтті бастады.

Соңғы екі еуромаусым бойы топтық кезеңге жолдама алып, үйреніп қалған астаналықтар үшін екінші кезең матчтары қиындық туғызбауы тиіс. Оның үстіне, бұл кезеңдегі қарсыласын азулы деуге келмес. Латвиялық «Спартак» Чемпиондар лигасына өз тарихында тұңғыш рет қатысып отыр.

Сондықтан қазақстандық клуб бұл теке-тіресте фаворит саналған. Ал алғашқы матч Юрмалада өтті.

Қонақтар ойынды белсенді бастады. Шабуыл шебінде жүрген Джуниор Кабанангада бірнеше мүмкіндік болған. Барлық сәтте де алаң иелерін қақпашысы құтқарып қалды.

32-минутта «Астана» тағы бір қауіпті шабуыл ұйымдастырған. Бірақ соңғы сәтте Патрик Твумаси ұрымтал тұстан гол соға алмады. Бірінші тайм толығымен астаналық клубтың басымдығымен өтті. Станимир Стойлов шәкірттері алғашқы 45 минуттықта 11 соққы жасаған. Ал «Спартак» бір соққы да бағыттай алмады. Алайда үзіліске дейінгі есеп – 0:0.

Екінші таймда алаң иелері белсенділік таныта бастады. «Астана» да сәті түскенде есеп ашуға тырысты.

Нәтижесінде есеп 73-минутта ашылды. «Астана» ойыншылары қарсыластың қақпасы маңында айып соққысын орындауға мүмкіндік алған. Твумаси әуелете пас берудің орнына, жақын бұрышқа соққы жасады. Голкипер мұндай қадамды күтпесе керек, допқа жете алмай қалды – 1:0. Твумаси бұрын осы «Спартактың» намысын қорғағандықтан, юрмалалық жанкүйерлерден кешірім сұрап, голды тойлаған жоқ.

Сырт алаңда маңызды гол соғып алған «Астана» соңғы минутқа дейін басымдығын жіберген жоқ. 1:0 – «Астана» Юрмаладан жеңіспен оралды.

УЕФА Чемпиондар лигасы. Екінші іріктеу кезеңі. Алғашқы матч

«Спартак» (Юрмала, Латвия) – «Астана» (Астана, Қазақстан) 0:1 (0:0)

Гол: 0:1 – Твумаси 73