«Арена Спорт Завет» алаңында ардагерлер арасында футбол лигасының екінші кезеңі басталды.

Теңбіл доп додасында 10 команда бақ сынауда. Футбол әуесқойлары әр айналымда екі ойыннан ойнайды, әр сенбі сайын олар бір кездесуді өткізеді. Жеребе бойынша қарсыластар анықталып, олар өзара мықтыны анықтайды. Еске сала кетсек, ойыншылар демалыстан енді ғана оралып, екінші кезеңнің алғашқы ойындарын өткізді. Олар шешуші кезеңді ерекше құлшыныспен бастады. Қатысушылардың айтуынша, демалыста да олар жаттығып, футболмен шұғылданды.

Мен кәсіпқой футболмен КСРО кезінде шұғылданғанмын. Қазір ардагерлерді қолдап, сүйікті ісімізбен осында айналысамыз. Турнир жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған. Ардагерлер осылайша салауатты өмір салтын ұстануға тырысады. Біз кездесулерден ләззат алып, шабыттанамыз. Демалыс та футболмен өтті, конфедерация Кубогын тамашалап, өзіміз жаттықтық. Жалпы, футбол өміріміздің мәніне айналды десем де болады, - деп бөлісті «Тенгиз» командасының ойыншысы Федор Гузев.

Алаңнан тыс ойыншылардың арасындағы достық пен ынтымақтастыққа қарамастан, матч барасында футболшылар тек жеңіске жету үшін барлығына дайын екені әбден-ақ сезіледі. Ойыншылардың ішінде кәсіпқой футболшылармен қатар әуесқойлар да баршылық.

Бес жылға жуық ардагерлермен футбол ойнаймын. Ал жас кезімде Сирияда жоғарғы лигада кәсіпқой футболмен айналысқанмын. Қазақстанда 20 жыл өмір сүріп келемін, бұл менің отаным. Осындай турнирдің барына аса қуаныштымын. Біз осында демалып, сергіп, жақсы көңіл-күймен қайтамыз. Бүгінгі матч оңай берілген жоқ, қарсыластарымыз мықты болды. Алайда, біздің ұжым бүгін олардан басым түсті, сәттіліктің арқасында оларды жеңе алдық. Жеңіспен үйге оралу – бір ғажап сезім. Ұйымдастырушыларға деген алғысым шексіз, - деп әсерлерімен бөлісті «Локомотив» командасының шабуылшысы Идрис Шихмус.

Еске сала кетсек, финалдық кезең осы жылдың қыркүйек айында өз мәресіне жетеді.

Кездесулердің нәтижелері:

Анадолу – Номад 2:0

Арлан – Таймас 3:0

Локомотив – Каскелен 2:1

Алматы – Тенгиз 4:2

Легион – Достар 3:0