Қазақстандық ережесіз жекпе-жек майталманы Қуат «Найман» Хамитов ProSports.kz тілшісіне берген сұхбатында америкалық боксшы Флойд Мэйвезер мен UFC чемпионы Конор МакГрегор арасында өтетін жекпе-жек туралы пікірін білдірді.

- Шаршы алаңға шыққан соң әрбір кәсіпқой спортшыда жеңіске жетуге мүмкіндігі бар. МакГрегор ережесі жекпе-жектің майталманы болса, Мейвезер әлемдегі үздік боксшылардың бірі. Екеуі салыстыруға келмейді. Дегенмен, сырттай қарағанда МакГрегордың бойы да, қолы да ұзын екені көрініп тұр. Ал Мейвезердің жасы болса 40-қа таяп қалды. Конордың жекпе-жекте жеңімпаз атануға мүмкіндігі бар. Егер ол алғашқы төрт раундта шыдап, қарсыласына бірнеше жойқын соққысын дарытса, жеңіп кетуі ғажап емес. Бірақ кездесу төрт раундтан асып кетсе МакГрегордың ұтуы екі талай. Шаршы алаңда Мейвезердің салмағында ешқандай боксшы төтеп бере алмайды, - дейді Қуат Хамитов.

Айта кетейік, Флойд Мэйвезер мен Конор МакГрегор арасындағы жекпе-жек 26 тамыз күні Лас-Вегаста өтеді. Showtime арнасы PPV жүйесімен көрсетілімді тартпақшы.

Сонымен қатар, Қуат «Найман» Хамитов (20-5-1) Fight Night Global аясында Алматы қаласында ирландиялық Питер Куиллиге (10-3) қарсы жекпе-жек өткізеді.