«Қайраттың» жартылай қорғаушысы Андрей Аршавин «Атлантаспен» өткен матч және Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығу мүмкіндігі туралы айтып берді.

- «Атлантаспен» өткен ойында аса қиналмадық. Бірінші таймның өзінде төрт гол соғып тастадық. Артынша, бәрі көзге түскісі келді. Қарымта матч алдында жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Бұл команда жайлы ақпарат аз болған. Бұған қоса, «Атлантастың» бірқатар жетекші ойыншылары кетті деп естідік.

- Кахабер Цхададзе кездесу алдында «Қайрат» ел чемпионатын жеңіп, Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыға алатынын айтты. Сіз қалай ойлайсыз?

- Еуропа лигасының топтық кезеңі туралы айту әлі ерте. Себебі бұл тек бірінші іріктеу кезең ғана. Ал ел чемпионатында жағдайымыз жаман емес. «Астананы» әлі де қуып жете аламыз. Қалай болатынын тек уақыт қана көрсетеді. Десек те, біз бұл екі мақсатқа жету үшін бар күшімізді саламыз.

Естеріңізге сала кетсек, «Қайрат» кеше Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде литвалық «Атлантасты» 6:0 есебімен ойсырата ұтқан болатын.