Еркін күрес шеберлері Алматы облысында жалпы физикалық дайындық жиынын өткізуде. Бүгін prosports.kz тілшісі балуандарымыздың жаттығуына қатысып, ұлттық құрама мүшелерімен аз-кем әңгіме өрбіткен болатын. Назарларыңызға Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері және соңғы Азия чемпионатының чемпионы Ақжүрек Таңатаровпен болған сұхбатты ұсынамыз.- Соңғы Азия чемпионатында топ жардың. Жарыс қаншалықты қиынға соқты? - Жалпы Нью-Дели төрінде үш кездесу өткіздім. Бірінші белдесуде жас монғолиялық спортышмен күш сынасып, 10:0 есебімен жеңіске жеттім. Екінші қарсыласым жапониялық Моможира Накамура болды. Оны 11:7 есебімен тізе бүктіріп, финалға жолдама алдым. Ал финалда соңғы Олимпиада мен Әлем чемпионтаның жүлдегері өзбек балуаны Ихтиар Новрузовпен алтын жүлдені сарапқа салдық. Финалдық белдесуді басынан аяғына дейін бақылауда ұстадым. Жеңіске қажетті ұпайларға қол жеткізген соң, көп күш жұмсамадым. Қарсыласымды айқын басымдықпен ұтуға да болар еді. Алайда жеңіс қолымда екенін біліп, қарсыласыма да жұмыс істеуіне мүмкіндік бердім. Азия чемпионатының финалында күресу үлкен тәжірибе. Сондықтан уақыттың соңына дейін күресуді жөн көрдім. - Соңғы құрлық біріншілігінде күресіңде өзгешелік байқадым... - Күресім аса қатты өзгерді деп айта алмаймын. Азия спортшыларымен күрес басқа, ал еуропалық балуандармен белдесу мүлдем бөлек. Азиялықтар жерге жақын күрескенді ұнатады. Сондықтан солардың әдістеріне бейімделуге тура келді. - Жалпы физикалық дайындық жиыны қалай өтуде? Алда қандай жарыстар жоспарланған?

- Дәл осы физикалық дайындалу жиын жақсы өтуде. Көптеген балуандарымыз физикалық тұрғыдан әлсіз, оны мойындау қажет. Ал осы жиын балуандарымыздың физикалық тұрғыда қосып, дамуына жақсы көмек болып тұр. Еркін күрестен әлемде мықты құрама саналатын Ресей құрамасын жаттықтырып келген Маирбек Юсупов өзінің білікті маман екенін дәлелдеуде. Мәселен, құрлық біріншілігінің алдында бір ай ішінде спорттық бабымызға келтірді. Бұрын қалпымызға келу процессі 4-5 айға созылатын. Негізі күніне бір не екі жаттығу өткізетінбіз. Белсенді жаттыққан күндері қалпымызға келу қиынға түсетін. Ал осы жиында үш мезгіл жаттығу жасасақ та, спорттық қалпымызға тез келіп, барлық жаттығуларға үлгеріп жатырмыз. Алда бізді Польшада тағы бір жиын күтіп тұр. Ол жерде уақыттың басым көпшілігін боз кілемдегі дайындығымызды шыңдамақпыз. Сосын сол Польшада өтетін халықаралық жарыста күш сынау жоспарда бар.

- Елімізде он жылдан астам уақыт бойы өз салмағыңның үздігі атанып, үнемі ұлттық құрама сапындасың. Халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрсіз. Уақыт өзінікін алмай тұрмайды. Ертең сіздің де спортпен қоштасатын сәтіңіз келеді. Сол кезде сенің салмағыңда кім көшбасшы бола алады? Өзің артыңнан ерген інілеріңнің қайсысынан үміт күтесің?- Күрес қазақтың қанында деген сөз бар. Аллаға шүкір елімізде мықты балуандар жеткілікті. Менің салмағымда өскемендік Данияр Қайсанов, Бекжанов Нұрлан дегенмықты балуандар бар. Сонымен қатар, жастардан мықтылар шығады деген үміттемін. Барлығын Аллах біледі және уақыт көрсетеді. Күрес деген болжап болмайтын спорттың түрі. Кейде бабың келісіп тұрған мен бағың жанбай жатады. Бабы мен бағы қатар келсе мен атаған спортшылар ел намысын абыроймен қорғауы тиіс.

- Сұхбатыңызға рахмет. Алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз!

Фото: Олег Спивак