26-шы мамыр күні қазақтың қайсар ұлы, кәсіпқой бокста 23 кездесу өткізіп оның барлығында жеңіске жеткен Қанат Ислам кезекті жекпе-жегін өткізеді. Қарсыласы – мексикалық Норберто Гонсалес.

Кездесу алдында оқырмандарға Қанаттың қарсыласы жайлы аз кем ақпарат берсек дейміз.

Бірден айтайық, Норберто Гонсалес өте тәжірибелі боксшы. Жасы 35-те. Лақап аты – Демон. Әуесқой бокста ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетпеген. Ол түсінікті де. Мексикада әуесқой бокстан көрі кәсіпқой боксшы атанып, әлемге атын танытуды жөн санайды.

Кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін 2007- ші жылы өткізген.(Ол кезде Қанат Ислам Қытай құрамасымен Пекинде өткен Олимпиада ойындарына дайындалып жүрген.)Норберто Гонсалестің кәсіпқой бокстағы алғашқы қадамдары керемет болды деуге болады. Бастапқы кездесулерінің бәрін Мексикада өткізген Норберто қарсылас шақ келтірмей жүрді. Араға екі жыл салып Мексика ғана емес АҚШ жерінде де жұдырықтасуды жөн көрген.

АҚШ еліндегі алғашқы қарсыласы Антвон Смит Гонсалес үшін қолайсыз қарсылас болды. Осылайша Қанаттың болашақ қарсыласы алғаш рет кәсіпқой бокста жеңілістің кермек дәмін татты. Кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңілісінен кейін Норберто өз еліне оралып тағы бірнеше кездесу өткізді. Мексикадағы өткізген жекпе-жектерінде жеңіске жетіп АҚШ-қа қайта оралған. Бұл жолы да оны сәтсіздік күтіп тұрған еді.

Осылай бір жеңіліп бір жеңіп жүріп Норберто кәсіпқой бокстағы кездесулерінің санын 31-ге жеткізді. Оның сегізі Гансалес үшін сәтсіз болды.

Қанат Исламмен болатын 32-ші жекпе-жек АҚШ-тың Майами штатында өтеді.

Сөз соңында жасы да біразға келіп қалған, оның үстіне айтарлықтай атақ-даңққа қол жеткізе қоймаған Норберто Гонсалес Қанат үшін аса қауіпті қарсылас болмауы керек. Қанаттың боқстағы жеткен жетістігі мен атағы Норбертоны екі орап алары анық. Бұл Қанаттың болашақтағы титулдық кездесулер алдындағы кезекті баспалдағы болатынына біз сенеміз.

Естеріңізге салсақ, Қанат Ислам мен Норберто Гонсалес арасындағы жекпе-жекте WBO NABA және WBA intercontinental тұжырымының чемпиондық белбеуі сарапқа салынады. Кездесуді Kazsport» жəне Қазақстан ұлттық телеарналары 27-ші мамыр күні таңғы сағат 9:00-де тікелей эфирден көрсетеді.