Бүгін қазақстандық боксшылар үшін Ташкентте өтіп жатқан Азия чемпионатының жартылай финалдық жекпе-жектері аяқталды. Сегіз отандасымыз шаршы алаңға шығып, сары құрлықтың басты бәсекесінің финалына шығуға тырысты. Нәтижесінде төрт боксшымыз алтын медальға тартысқа түсетін болса, төртеуі қоланы қанағат тұтты.

Рингке бірінші болып 52 келі салмақ дәрежесінде Азамат Исақұлов шыққан болатын. Өзбекстандық Жасұрбек Латиповпен кездесу өткізіп, 2:3 есебімен есе жіберді. Ал 56 келіде Қайрат Ералиев қытайлық Чжан Цзявейден дәл осы есеппен ұтылып қалды. Жартылай финалға шыққан тағы бір боксшымыз Әбілхан Аманқұл өзбекстандық Исраил Мадримовтен 0:5 есебімен ойсырай жеңілді.

Үш жеңілістен кейін Ерік Әлжанов қарсыласын бірінші раундта уақытынан бұрын жеңіп, ұлттық құрама сапынан алғашқы болып финалға шықты. Түркменстандық Нурягды Нурядиев оған лайықты қарсылас атана алмады. 91 келіде Василий Левит жанкүйерлерді тағы бір қуантты. ½ финалда ол Алаа Элдин Гуссунді бірінші раундта-ақ қапы қалдырды.

Кешкі сессияда отандастарымыз қалған жекпе-жектерін өткізді. 64 келіде Бекдәулет Ибрагимов өзбекстандық Икболжан Холдаровтан 1:4 есебімен жеңіліп қалды. 69 келіде шаршы алаңға шыққан Абылайхан Жүсіпов Моңғолиядан келген Тувшинбат Буамбамен жұдырықтасып, финалға жолдама алды. Супер ауыр салмақта жарысқа түскен Қамшыбек Қоңқабаев та жанкүйерлерді жерге қаратпады. Отандасымыз йорданиялық Хуссейн Яшаиштан басым түсіп, алтын медальға таласуға мүмкіндік алды.

Айта кету қажет, жартылай финалда есе жіберген боксшылар қола медаль алып, әлем чемпионатына жолдама алады.

Еске сала кетейін, финалға шыққан боксшылардың қарсыластары анықталды. Әлжанов өзбекстандық Бектемір Меликузиевпен кездессе, Левит үндістандық Сумит Сангванмен жұдырықтасады. Ал Абылайхан Жүсіпов өзбек боксшысы Шахрам Гиясовпен шаршы алаңға шықса, Қамшыбек Қоңқабаев жарыс қожайыны Баходир Джалоловқа қарсы тұрмақ.

Финалдық кездесулердің өтетін уақыты:

6 мамыр. Астана уақытымен сағат 19:00 81 келі. Финал. Ерік Әлжанов – Бектемір Меликузиев (Өзбекстан) 91 келі. Финал. Василий Левит – Сумит Сангван (Үндістан) 7 мамыр. Астана уақытымен сағат 19:0069 келі. Финал. Абылайхан Жүсіпов – Шахрам Гиясов (Өзбекстан) +91 кеді. Финал. Қамшыбек Қоңқабаев – Баходир Джалолов (Өзбекстан).

Фото: Данияр Майлыбаев