Бокстан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Prosports.kz тілшісіне сұхбат беріп, спорт пен бизнесті қатар алып жүргенін айтты.

- Назым, сен спорт пен қатар бизнес карьерасын да бастадың деп естідік. Киім үлгісін шығару жеке жобаң ба?

- Жейдеге жазу жаздырып, қазақи оюмен өрнектеп немесе заманауи трендтегі суреттерді басып шығару ойда бар. Қазақтың қанатты сөздерін, адамға мотивация беретін ұрандар жаздырсам деп едім. Идея менікі, жүзеге асыруға қол ұшын тигізетін адамдар да табылды. Киімді өзіміз тігіп жатқан жоқпыз. Бәрі жақсы болса, мұны да дұрыс жолға қоямыз. Жейделердің алғашқы партиясы әзір. Бұйыртса, спорттық киімдерді халық назарына ұсынуды жоспарлап отырмыз. Жобамыз қазір интернет-дүкен ретінде қызмет көрсетіп жатыр. Алматы қаласында сатып алушылардың үйіне дейін апарып береміз. Сондай-ақ, Республика бойынша пошта арқылы жібере аламыз.- Спорттық әлеуетің жайлы аз-кем айтсаң, қай жарысқа дайындық жүріп жатыр?

- Қазір мен Қазақстан чемпионатына дайындалып жатырмын. Жақында ғана Қытайдағы оқу- жаттығу жиынынан келдік. Биыл алғашқы ірі жарысым - мамыр айында Астанада өтетін ел біріншілігі. Одан кейін Азия чемпионаты бар. Спорттан бөлек, сол жеке жобаммен айналысамын. Мен тек идеяларыммен бөлісіп, кеңес беремін. Қалғанын көмектесетін адамдар іске асырады.